Қазақстан ТМД елдері арасында шетелдіктер үшін ең тартымды мемлекет атанды
Фото: wikimedia/Дмитрий Доценко
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, Қазақстан әлемдегі қоныс аударуға қолайлы 82 елдің арасында 53-орынға жайғасып, 36 балл жинаған. Осы көрсеткіш арқылы еліміз Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы кеңістігіндегі ең тартымды мемлекет ретінде бағаланды.
Рейтингті жыл сайын америкалық Remitly қаржылық-талдау компаниясы жасайды. Елдер 34 түрлі критерий бойынша бағаланған. Олардың қатарында экономикалық мүмкіндіктер, қауіпсіздік пен тұрақтылық, өмір сүру сапасы, білім мен медицинаға қолжетімділік, инфрақұрылымның дамуы, сондай-ақ шетелдіктердің қоғамға бейімделу мүмкіндіктері бар.
Сарапшылардың пікірінше, шетелдіктердің Қазақстанды таңдаудағы негізгі себептері – өмір сүру сапасының артуы, қауіпсіздік деңгейі, медициналық қызметтердің қолжетімділігі, білім алу мүмкіндіктері және ұзақ мерзімді даму перспективалары.
ТМД елдері арасында Қазақстаннан кейін Әзербайжан 66-орынға, Армения 74-орынға, ал Өзбекстан 75-орынға тұрақтаған. Ал Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Тәжікстан рейтингке енбеген.
Әлемдік рейтингте көш басында Швейцария тұр. Бұл ел жоғары табыс табу мүмкіндігімен, сапалы денсаулық сақтау жүйесімен, қауіпсіздігімен және білім беру деңгейімен ерекшеленген. Екінші орынға Исландия, ал үшінші орынға Люксембург жайғасқан.
Сондай-ақ үздік ондыққа Аустралия, Германия, Ирландия, АҚШ, Дания, Норвегия және Испания кірді.
Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстанның рейтингтегі жоғары көрсеткіші елдің халықаралық деңгейдегі тартымдылығының артып келе жатқанын және шетелдік мамандар мен инвесторлар үшін қолайлы бағытқа айналып отырғанын көрсетеді.