Қазақстан екі халықаралық банктен 470 млрд теңге қарыз алады
Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин
Алғашқы келісім 2026 жылғы 20 мамырда Астанада қол қойылған және Қазақстанға 92,3 млрд жапон иенасы көлемінде 11 жыл мерзімге, соның ішінде 5 жыл жеңілдік кезеңімен қарыз беруді көздейді.
Ал Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкімен жасалған келісім 2026 жылғы 15 маусымда Астанада рәсімделген. Ол Қазақстанға 62,4 млрд жапон иенасы көлемінде, 11 жыл мерзімге (5 жыл жеңілдік кезеңімен) қарыз беруді қарастырады.
Жалпы қарыз көлемі 154,7 млрд иенаны құрайды (470 млрд теңгеден астам).
Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, алынған қарыздар бойынша міндеттемелер республикалық бюджет есебінен, келісімдерде көрсетілген қаржылық шарттарға сәйкес орындалады.
Министр сонымен қатар аталған банктердің Қазақстан экономикасындағы рөліне тоқталды.
"Бұл банктер – біздің стратегиялық серіктестеріміз. Қазақстан 1992 жылы Халықаралық қайта құру және даму банкіне қосылған, онда еліміздің үлесі 0,17% құрайды. Ал Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкіне 2017 жылы қосылып, онда Қазақстанның үлесі 0,754% болды. Осы жылдар ішінде аталған банктермен экономиканың әртүрлі салаларын қамтитын тығыз және конструктивті әріптестік қалыптасты. Олардың қатысуымен бірқатар жобалар сәтті жүзеге асырылып, гранттар мен техникалық көмек көрсетілуде", – деді ол.
Министрдің айтуынша, мемлекеттік қарыз деңгейі Қаржы министрлігі белгілеген шекті көрсеткіштер аясында сақталып отыр.
"Еліміздің қаржылық тұрақтылығы жетекші рейтингтік агенттіктер тарапынан жоғары кредиттік рейтингтермен расталып отыр. Халықаралық қаржы ұйымдарының сарапшылары мемлекеттік қарыз деңгейін "төмен" деп бағалап, оның басқаруға болатын деңгейде екенін атап өтуде. Жалпы халықаралық қаржы ұйымдарынан жеңілдетілген қарыз тарту – экономикалық өсімді қолдау үшін қалыпты тәжірибе", – деді министр.
Ол бұл қаражат үкіметтің басым бағыттарын қаржыландыруға мүмкіндік беретінін айтты. Сонымен қатар, келісімдерді ратификациялау ел үшін теріс әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық салдарға әкелмейтінін атап өтті.
Айта кетейік, 2026 жылғы 10 маусымда Қаржы министрлігі Қазақстанның 2025 жылғы бюджетінің орындалуына қатысты түсініктеме берген болатын.