"Қазақстанның еңбек сіңірген өнертапқышы" атағы кімдерге және қалай беріледі

Лаборатория, медицинская лаборатория, анализы, лабораторные пробирки, лаборатории, наука, исследование, исследования, лабораторные исследования, лабораторное исследование, научные исследования, научное исследование, сурет - Zakon.kz жаңалық 23.06.2026 14:31 Фото: freepik
Әділет министрінің 2026 жылғы 17 маусымдағы бұйрығымен әлеуметтік және экономикалық маңызы бар, бәсекеге қабілетті әрі экологиялық қауіпсіз өнертабыстарды анықтауға арналған "Шапағат" конкурсын өткізу, сондай-ақ "Қазақстанның еңбек сіңірген өнертапқышы" атағын беру қағидалары бекітілді.

Қағидаға сәйкес, маңызды әрі кеңінен қолданылатын өнертабыстардың авторларын анықтауға арналған "Шапағат" конкурсы кемінде екі жылда бір рет өткізіледі және төрт кезеңнен тұрады:

  • конкурс туралы хабарландыру жариялау және БАҚ-та ақпараттық сүйемелдеу;
  • өтінімдерді қабылдау;
  • конкурстық комиссияның отырысын өткізу;
  • жеңімпаздарды салтанатты түрде марапаттау, БАҚ-та жариялау және комиссия шешімінің хаттамасын конкурстың жұмыс органы интернет-ресурсында орналастыру.

Конкурсқа қатысуға арналған өтінімдер мен өтінішхаттар конкурс өткізу туралы хабарландыруда көрсетілген электрондық пошта арқылы қабылданады.

Комиссия отырыстары оның құрамы бекітілген күннен бастап бір ай ішінде күндізгі форматта өткізіледі.

  • Конкурстық комиссия:
  • қатысушылар ұсынған материалдарды қарайды;
  • үміткерлерді бағалап, іріктейді;
  • жеңімпаздарды анықтап, номинациялар бойынша дипломанттарды белгілейді;

"Қазақстанның еңбек сіңірген өнертапқышы" атағын береді.

Конкурс жеңімпаздарына берілетін ақшалай сыйлықтардың түрі мен мөлшерін конкурстың жұмыс органы өз қаражаты немесе демеушілік қолдау есебінен айқындайды.

Конкурс келесі номинациялар бойынша өткізіледі:

  • "Жыл өнертабысы";
  • "Өнертапқыш әйел";
  • "Жас өнертапқыш";
  • "Үздік инновациялық компания";
  • "Ең белсенді өнертапқыш";
  • "Жас дарын".

Ал "Қазақстанның еңбек сіңірген өнертапқышы" атағын беру үшін конкурсқа қатысуға өтінім өтінішхат түрінде ұсынылады.

Аталған атақты беру туралы өтінішхаттарды келесі ұйымдар ұсына алады:

  • мемлекеттік органдар және (немесе) заңды тұлғалар;
  • ғылыми ұйымдар;
  • қоғамдық бірлестіктер;
  • өнертабысты өндіріске енгізген кәсіпорындар, мекемелер немесе ұйымдар.

Өтінішхатта үміткер туралы мынадай мәліметтер көрсетілуі тиіс:

  • өнертабыстың белгілі бір сала үшін маңызы;
  • алынған патенттер мен авторлық куәліктердің жалпы саны;
  • өнертабысты өндіріске енгізу жөніндегі кәсіпорындар, мекемелер мен ұйымдардың пікірлері;
  • конкурсқа өтінім берілгенге дейінгі соңғы үш жылдағы өнертапқыштық қызмет нәтижелерінің тәжірибеде қолданылуы туралы мәліметтер;
  • өнертапқыштық қызметі үшін берілген марапаттар мен көтермелеулер;
  • үміткердің еңбегі мен жетістіктерін көрсететін өзге де қызмет бағыттары.

Конкурстық комиссия "Қазақстанның еңбек сіңірген өнертапқышы" атағын мынадай критерийлер бойынша береді:

  • алынған және қолданыстағы өнертабыс патенттерінің, сондай-ақ авторлық куәліктердің жалпы саны;
  • экономика салаларында кеңінен қолданылып жүрген маңызды патенттелген өнертабыстарды енгізу және пайдалану нәтижелері;
  • өнертабыстарды қолданудан алынған экономикалық және әлеуметтік тиімділік;
  • өнертабыстарды енгізу туралы актілердің, кәсіпорындар мен ғылыми ұйымдардың пікірлерінің болуы;
  • зияткерлік меншік объектілерін кешенді қорғаудың қамтамасыз етілуі;
  • өнертапқыштық қызметпен айналысу ұзақтығы;
  • өнертабыстарды пайдалану құқығын беру немесе табыстау жөніндегі тіркелген келісімдердің саны.

Ал "Жыл өнертабысы" және "Өнертапқыш әйел" номинациялары бойынша жеңімпаздар келесі талаптар негізінде анықталады:

  • әлеуметтік маңыздылығы;
  • өндіріске енгізілуі немесе технологияның коммерцияландырылуы;
  • өнертабысты пайдаланудан түсетін экономикалық тиімділік;
  • бәсекеге қабілеттілігі.

"Жас өнертапқыш" номинациясының жеңімпазы мынадай критерийлер бойынша анықталады:

  • жобаның әлеуметтік маңыздылығы;
  • ұқсас әзірлемелермен салыстырғандағы жоғары техникалық деңгейі;
  • жобаның экологиялық қауіпсіздігі;
  • әзірлемені пайдаланудан түсетін экономикалық тиімділігі.

"Үздік инновациялық компания" номинациясы бойынша жеңімпаз келесі талаптар негізінде таңдалады:

  • шығарылатын өнімнің бәсекеге қабілеттілігі;
  • патенттерден бөлек тіркелген зияткерлік меншік объектілері портфелінің болуы;
  • өндіріске енгізілген өнертабыстар мен өзге де зияткерлік меншік объектілерінің әлеуметтік-экономикалық тиімділігі;
  • экспортқа шығаруға дайын технологиялық деңгейі.

"Ең белсенді өнертапқыш" номинациясының жеңімпазы мынадай көрсеткіштер бойынша анықталады:

  • алынған патенттердің ең көп саны;
  • әлеуметтік маңыздылығы;
  • өндіріске енгізілуі және (немесе) технологияларды коммерцияландыру деңгейі;
  • әзірлемені пайдаланудан түсетін экономикалық тиімділік.

"Жас дарын" номинациясының жеңімпазы келесі критерийлер бойынша іріктеледі:

  • әлеуметтік маңыздылығы;
  • жобаның экологиялық қауіпсіздігі;
  • ұқсас жобалармен салыстырғандағы жоғары техникалық деңгейі.

"Қазақстанның еңбек сіңірген өнертапқышы" атағын беру туралы шешімді комиссия қатысушыларды жеке бағалау қорытындысы негізінде қабылдайды. Ең көп ұпай жинаған үміткер жеңімпаз деп танылады.

Конкурс жеңімпаздарына "Қазақстанның еңбек сіңірген өнертапқышы" төсбелгісі, мүсінше, диплом және ақшалай сыйлық салтанатты марапаттау рәсімі барысында табысталады. Іс-шараның өтетін күні мен уақыты бұқаралық ақпарат құралдарында алдын ала жарияланады.

Бұйрық 2026 жылғы 3 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.

Еске салайық, бұған дейін "Құрметті азамат" атағын кімдерге және қандай тәртіппен беру көзделгені туралы хабарланған болатын.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: