Қазақстандықтар пәтер сатып алмас бұрын құрылыс компаниясын тексере алады
Фото: Zakon.kz/Павел Михеев
24.kz телеарнасының мәліметінше, жосықсыз құрылыс салушылардың тізілімі 1 шілдеден бастап жұмыс істей бастайды. Ол Қазақстан тұрғын үй компаниясының ресми сайтында жарияланып, баршаға қолжетімді болады.
Бүгінде елімізде заңсыз салынған үлестік құрылысқа қатысты 37 проблемалық нысан тіркелген. Олар 27 құрылыс салушыға тиесілі.
Проблемалық нысандардың ең көбі Ақтөбе облысында – 11. Маңғыстау облысында – 5, Батыс Қазақстан облысында – 4 нысан бар. Ал Алматы қаласы, Ақмола, Атырау және Алматы облыстарының әрқайсында үш проблемалық нысаннан тіркелген.
Салалық министрліктің мәліметінше, жаңа тізілім тұрғын үй нарығының ашықтығын арттырып, азаматтарға жаңа тұрғын үйді таңдағанда тәуекелдерді алдын ала бағалауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Қазақстанда құрылыс нысанын апатты деп тану және оны бұзу немесе реконструкциялау қағидалары мен негіздері бекітілді.