Қазақстанда газды есепке алудың бірыңғай цифрлық платформасы құрылады
Фото: pxhere
Үкімет басшысының айтуынша, бүгінде Қазақстан халқының шамамен 65 пайызы табиғи газға қол жеткізген.
"Мемлекет басшысы елді газдандыру деңгейін 80 пайызға дейін жеткізу жөнінде нақты міндет қойды. Осыған байланысты өңір әкімдері магистральдық газ инфрақұрылымын пайдалануға беру мерзімдерін жергілікті газ тарату желілерінің дайындығымен үйлестіруі қажет. Бұл ретте тиімділіктің басты көрсеткіші тартылған құбырлардың ұзындығы емес, үйлеріне газ қосылған нақты абоненттердің саны болуы тиіс", – деді Олжас Бектенов.
Сондай-ақ Премьер-министр Мемлекет басшысы цифрландыруды мемлекеттік басқаруды жаңғыртудың негізгі бағыттарының бірі ретінде айқындағанын еске салды.
"Осыған байланысты саланың тиімділігін арттырудың маңызды құралы – цифрлық трансформация. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне Энергетика министрлігімен бірлесіп, газды есепке алудың бірыңғай цифрлық платформасын құруды қамтамасыз етуді тапсырамын.
Сонымен қатар сұйытылған мұнай газы нарығындағы жағдай ерекше назар аударуды қажет етеді. Өндіріс орындарында бұл отынның шикізат ретінде пайдаланылуына байланысты оған деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Осыған орай Энергетика министрлігіне "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясымен бірлесіп, бір ай ішінде сұйытылған газ өндірісінің көлемін ұлғайту жөніндегі нақты жоспарды ұсынуды тапсырамын", – деді Үкімет басшысы.
Еске салайық, бұған дейін Олжас Бектенов газ өңдеу зауыттарының құрылысына апта сайын бақылау жүргізуді тапсырған болатын.