Қазақстанда 1-сыныпқа құжат қабылдау жалғасуда: кімдерге басымдық беріледі
Фото: Zakon.kz
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, өтінішті OQU ұлттық білім беру платформасы, eGov электрондық үкімет порталы арқылы немесе білім беру ұйымына тікелей барып қағаз түрінде тапсыруға болады.
Министрлік "Келешек мектептеріне" қабылдау кезінде мектептің қызмет көрсету аумағында тұратын балаларға басымдық берілетінін атап өтті. Сонымен қатар ата-аналар немесе заңды өкілдер бос орын болған жағдайда кез келген мемлекеттік мектепке өтініш бере алады.
Өтініш беру үшін заңды өкілдің тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркеуі болуы тиіс. Тұрғылықты мекенжай мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы расталады.
1-сыныпқа қабылдау үшін қажет құжаттар:
- баланың 3×4 көлеміндегі фотосуреті;
- №065/у нысанындағы профилактикалық егу картасы;
- №052-2/у нысанындағы баланың денсаулық паспорты;
- ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның қорытындысы.
Мектепалды даярлықтан (0-сынып) өткен балалар 1-сыныпқа ата-анасының немесе заңды өкілінің өтініші негізінде қабылданады.
Өңірлер бойынша құжат қабылдау мерзімдері:
- 27 мамыр – 31 тамыз: Астана қаласы, Жетісу, Қызылорда, Батыс Қазақстан және Абай облыстары;
- 10 маусым – 31 тамыз: Алматы қаласы, Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстары;
- 18 маусым – 31 тамыз: Шымкент қаласы, Алматы, Қостанай, Павлодар және Атырау облыстары;
- 29 маусым – 31 тамыз: Түркістан, Маңғыстау, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстары.
Министрлік барлық өңірде құжат қабылдау әртүрлі күндері басталғанымен, 2026 жылғы 31 тамызға дейін жалғасатынын мәлімдеді.