Қазақстандағы ең қымбат баспана қай қалаларда екені белгілі болды
Фото: pixabay
Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылғы маусымда еліміздегі жаңа тұрғын үйдің бір шаршы метрінің орташа бағасы 617 555 теңгені құрады. Бұл мамыр айымен салыстырғанда 3 536 теңгеге немесе шамамен 0,6%-ға жоғары.
Жыл басынан бері бастапқы тұрғын үй нарығындағы баға 5,3%-ға, ал өткен жылдың маусымымен салыстырғанда 14%-ға өскен.
Жаңа тұрғын үйдің ең жоғары бағасы Астанада тіркелді. Елордада бір шаршы метрдің орташа құны 739 033 теңгеге жеткен. Екінші орында Алматы – 725 995 теңге. Бір ай ішінде мұнда шаршы метр бағасы 7 633 теңгеге өскен.
Одан кейін Атырау (546 419 теңге) мен Шымкент (535 036 теңге) орналасқан.
Маусым айында тұрғын үй бағасының ең жоғары өсімі Павлодарда тіркелді. Мұнда бір шаршы метрдің құны бірден 12 523 теңгеге қымбаттаған.
Сондай-ақ бағаның едәуір өсуі Атырауда (+8 451 теңге), Көкшетауда (+7 909 теңге) және Түркістанда (+7 158 теңге) байқалды.
Ал Шымкент, Ақтөбе, Жезқазған, Қызылорда, Орал, Петропавл, Семей, Талдықорған және Тараз қалаларында жаңа тұрғын үйдің бір шаршы метрінің бағасы маусым айында айтарлықтай өзгерген жоқ.
Баға неге өсуін жалғастырып жатыр
Коммерциялық ипотека бойынша мөлшерлемелердің жоғары болуына қарамастан, бастапқы тұрғын үй нарығында бағаның төмендеуіне әзірге негіз жоқ.
Жылжымайтын мүлік жөніндегі сарапшы Эльвира Сағандықованың айтуынша, бағаның біртіндеп өсуінің басты себептерінің бірі – құрылыс құнының қымбаттауы.
"Маусым айында құрылыс саласындағы баға өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жалпы 9,2%-ға өсті. Бұл маусымдағы жылдық инфляция деңгейінен (10,3%) сәл ғана төмен", – дейді Эльвира Сағандықова.
Сарапшының айтуынша, құрылыс құнының өсуіне негізінен құрылыс-монтаж жұмыстарының 9,5%-ға және мердігерлер қызметінің 15,9%-ға қымбаттауы әсер еткен.
Сонымен қатар, маманның пікірінше, жаңа тұрғын үйге сұраныс әлі де жоғары. Оған мемлекеттік ипотекалық бағдарламалар мен тұрғын үйге деген тұрақты қажеттілік, әсіресе еліміздің ірі қалаларында, қолдау көрсетіп отыр.
Сарапшының сөзінше, қазіргі статистика тұрғын үй нарығында бағаның төмендеу үрдісі басталғанын көрсетпейді. Керісінше, бағаның өсу сипаты өзгеріп келеді: бұрынғыдай барлық өңірде бірдей емес, енді нақты аймақтардағы нарықтық жағдайға байланысты іріктеп қымбаттау байқалады.
Бұған дейін Қазақстанның қай өңірінде құрылыс материалдарының бағасы ең арзан екені туралы жазған болатынбыз.