Алматы әкімдігі Самал-3 шағынауданындағы саябақ құрылысына қатысты тұрғындардың өтінішіне пікір білдірді
Сурет: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бұған дейін аумағы 0,50 гектар болатын жер учаскесі жекеменшікте болған. 2020 жылы аталған учаскеде көппәтерлі тұрғын үй кешені мен бизнес-орталық салуға жобалау алдындағы құжаттама берілген.
Кейін қала әкімдігі тұрғындардың пікірін ескере отырып, бұрын берілген рұқсат құжаттарының күшін жойды. Сондай-ақ аталған жер учаскесін сатып алған инвестормен келісімге қол жеткізіліп, ол учаскенің жартысын – 0,25 гектарын қала меншігіне өтеусіз берді. Бұдан бөлек, инвестор өз қаражаты есебінен жақын маңдағы тұрғындардың келісімімен әзірленген жобаға сәйкес саябақ аумағын көріктендірді.
Жер учаскесінің қалған 0,25 гектар бөлігінде меншік иесі – "Шоқан Уәлиханов атындағы жекеменшік мектеп" ЖШС іргелес аумақты көріктендірумен бірге жылыжай құрылысын жүргізіп жатыр. Жоба жер учаскесінің нысаналы мақсатына сәйкес, Сәулет және қала құрылысы басқармасы берген жобалау алдындағы құжаттар негізінде жүзеге асырылуда.
Әкімдіктің хабарлауынша, жоба аясында күрделі құрылыс нысандарын салу көзделмеген. Сонымен қатар жер учаскесі жекеменшікте болғандықтан және жоба оның нысаналы мақсатына толық сәйкес келгендіктен, берілген жобалау алдындағы құжаттардың күшін жоюға заңды негіз жоқ.