Қазақстанда онкологиялық ауруларды анықтау мен емдеудің жаңа тәсілдері енгізіледі

Больница, поликлиника, медицинское учреждение, медучреждение, врачи, доктора, прием у врача, сурет - Zakon.kz жаңалық 13.07.2026 14:08 Фото: akorda.kz
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі халыққа онкологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартына өзгерістер енгізуді көздейтін бұйрық жобасын әзірледі, деп хабарлайды Zakon.kz.

Құжат онкологиялық қызметті заманауи медициналық технологиялар мен халықаралық тәжірибені ескере отырып жетілдіруге бағытталған.

Жобаға сәйкес, қатерлі ісіктерді диагностикалау мен емдеудің жаңа әдістерін, оның ішінде интервенциялық радиология мен сәулелік онкологияның заманауи технологияларын енгізу көзделген. Бұл мамандандырылған медициналық көмектің мүмкіндігін кеңейтіп, емдеудің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар өңірлерде үйлестіру-консультациялық-диагностикалық бөлімшелер құру ұсынылады. Олар скринингтік бағдарламаларды ұйымдастыруға және олардың сапасына мониторинг жүргізуге жауапты болады.

Министрліктің мәліметінше, бұл онкологиялық ауруларды ерте анықтау тиімділігін арттырып, профилактикалық тексерулерді өткізудің бірыңғай тәсілдерін қалыптастыруға ықпал етеді.

Сондай-ақ онкологиялық қызметті дамыту аясында:

  • сараптамалық эндоскопиялық орталықтар ашу;
  • бейінді мамандардың штат санын көбейту;
  • онкологиялық көмек көрсететін медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жетілдіру көзделген.
  • "Жасыл дәліз" тәртібі нақты айқындалады

Жобада онкологиялық ауруға күдік туған науқастарға арналған "жасыл дәліз" бағыты алғаш рет нақты мерзімдермен регламенттелген.

Атап айтқанда:

  • 7 жұмыс күніне дейін – емханада алғашқы талдаулар, ультрадыбыстық зерттеу және рентген жүргізіледі ("Онкосақтық-1" маркері);
  • 10 жұмыс күніне дейін – компьютерлік томография (КТ), контрастпен МРТ, эндоскопия және биопсия жасалады ("Онкосақтық-2");
  • 20 жұмыс күніне дейін – онкологиялық орталықта ПЭТ/КТ, иммуногистохимиялық және генетикалық зерттеулер жүргізіледі ("Онкосақтық-3");
  • 30 жұмыс күніне дейін – диагноз расталғаннан кейін мультидисциплинарлық консилиум өткізіліп, науқасқа жеке емдеу жоспары бекітіледі.

Онкологиялық орталықтан 200 шақырымнан астам қашықтықта тұратын тұрғындарға жол жүру мен қосымша тексерулерге тағы 5 жұмыс күні беріледі.

Сондай-ақ Iа клиникалық тобына жататын пациенттерге диагнозды нақтылау 17 жұмыс күні ішінде, ал емдеу тактикасын айқындау мен жеке емдеу жоспарын әзірлеу 30 жұмыс күні ішінде жүргізіледі.

Бұдан бөлек, консультациялық-диагностикалық көмек көрсететін мамандардың, оның ішінде онкологтар мен маммологтардың функционалдық міндеттері нақтыланады. Бұл пациенттерді диагностикалау мен емдеудің барлық кезеңінде медициналық сүйемелдеудің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Министрлік ұсынылған өзгерістер онкологиялық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталғанын, ал онкологиялық науқастарға медициналық көмек көрсету тәртібін өзгертпейтінін және әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық теріс салдарға әкелмейтінін атап өтті.

Бұйрық жобасы 2026 жылғы 27 шілдеге дейін қоғамдық талқылау үшін "Ашық НҚА" порталында жарияланған.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: