Мемлекеттік құрылыс инспекторлары аттестаттаудан өту үшін қанша балл жинауы керек
Фото: Zakon.kz/Павел Михеев
Құжатқа сәйкес, аттестаттаудан сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органның мемлекеттік құрылыс инспекторлары, Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік құрылыс инспекторы, бас мемлекеттік құрылыс инспекторының орынбасарлары, сондай-ақ Астана, республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардың бас мемлекеттік құрылыс инспекторлары және мемлекеттік құрылыс инспекторлары өтеді.
Аттестатталушының қызметтік мінездемесінде оның кәсіби және жеке қасиеттеріне, сондай-ақ қызметтік жұмысының нәтижелеріне баға берілуі тиіс.
Қызметтік мінездемеге:
- Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік құрылыс инспекторы үшін – сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі мәселелеріне жетекшілік ететін уәкілетті органның бірінші басшысының орынбасары;
- Астана, республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардың бас мемлекеттік құрылыс инспекторлары үшін – жергілікті атқарушы органның басшысы немесе оның орынбасары;
- уәкілетті органның мемлекеттік құрылыс инспекторлары үшін – мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалау мәселелеріне жетекшілік ететін ведомство басшысының орынбасары;
- Астана, республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардың мемлекеттік құрылыс инспекторлары үшін – мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыратын жергілікті органның басшысы немесе оның орынбасары қол қояды.
Сондай-ақ аттестаттау кезіндегі шекті көрсеткіштер нақтыланды. Астана, республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардың бас мемлекеттік құрылыс инспекторлары тестілеуде кемінде 70 дұрыс жауап жинауы тиіс. Аттестаттаудан өтетін өзге санаттағы мемлекеттік құрылыс инспекторлары үшін шекті көрсеткіш кемінде 60 дұрыс жауап болып белгіленді.
Бұйрық 2026 жылғы 1 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі.