Тұңғыш қазақ ғарышкеріне – 80 жас: Президент Тоқтар Әубәкіровті мерейтойымен құттықтады

Тоқтар Әубәкіров 1946 жылғы 27 шілдеде Қарағанды облысында дүниеге келген. Ол ғарышқа алғашқы әрі жалғыз сапарын 1991 жылғы 2 қазанда «Союз ТМ-13» ғарыш кемесімен жасады.  2025 жылғы 8 қазанда Дана Қарағұсованың суборбиталық сапары өтті. Тоқтар Әубәкіров бұл оқиғаны назардан тыс қалдырмай, ғарышқа турист ретінде ұшқан тұңғыш қазақстандық әйелді құттықтады., сурет - Zakon.kz жаңалық 27.07.2026 14:19 Сурет: primeminister.kz
Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан тұңғыш қазақ ғарышкері, Халық қаһарманы, авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіровті 80 жасқа толуымен құттықтады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы бүгін, 2026 жылғы 27 шілдеде Қазақстан Үкіметінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

"Халқымыз өзіңізді әйгілі ғарышкер, көрнекті қоғам қайраткері, отансүйгіш азамат ретінде айрықша қадірлейді. Сіздің еңбек жолыңыз жарқын белестерден тұрады. Біраз жыл кәсіби ұшқыш болып, жаңа әскери ұшақтарды сынақтан өткізіп, ерен ерліктің үлгісін көрсете білдіңіз. Сіз зеңгір көкке көтерілген қазақтың тұңғыш ғарышкері атандыңыз. Еліміздің әлем алдындағы мәртебесін арттыруға, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, ұлттық аэроғарыш, қорғаныс өнеркәсібі салаларының дамытуына қосқан үлесіңіз өте мол. Парламент Мәжілісінің депутаты болған кезіңде терең біліміңіз бен өмірлік тәжірибеңізді отандық заңнаманы жетілдіру ісіне арнадыңыз. Алдағы кезеңде еселі еңбегіңіздің жемісін көріп, ел-жұрттың сый-құрметіне бөлене беруіңізге тілектестігімді білдіремін. Сізге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыңызға бақ-береке тілеймін", — делінген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатында.

Премьер-министр 1 шілдеде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне енгенін атап өтті. Аталған құжат Әділетті мемлекет құру тұжырымдамасын бекітіп, еліміздің одан әрі даму бағдарын айқындайды.

"Бүгінде Президентіміздің "Әділетті Қазақстан" бастамасына әрдайым қолдау білдіріп, жаңа Конституцияда айқындалған ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру ісіне де аянбай атсалысып жүрсіз. Өйткені, отаншылдық, әділдік, заң мен тәртіп, ерлік пен еңбекқорлық сияқты асыл қасиеттерді жастардың бойына сіңіруде Алаш жұртының адал перзенті, халқымыздың хас батыры ретінде Сіздің алатын орныңыз ерекше", — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Салтанатты іс-шараға аэроғарыш саласының, Қарулы күштер мен Генералдар кеңесінің өкілдері, сондай-ақ отандық және шетелдік ғарышкер-ұшқыштар, сынақшы-ұшқыштар, инженерлер мен конструкторлар қатысты.

Жиынға қатысушылар алдында сөз сөйлеген Премьер-министр ғарыш саласының Қазақстанның технологиялық дамуына қосып отырған маңызды үлесін атап өтті. Елімізде ұлттық спутниктік байланыс және Жерді қашықтан зондтау жүйелері жұмыс істейді, ауыл шаруашылығы, экология және өзге де салалардың қажеттілігі үшін деректерді өңдеу жүйесі жетілдірілуде, сонымен қатар деректерді өңдеу мүмкіндіктері кеңейтіліп, шалғайдағы елді мекендердің интернетке қолжетімділігі артып келеді.

Сондай-ақ Байқоңыр ғарыш айлағынан "Сұңқар" зымыран-тасығышының сәтті сынақтық ұшырылуы отандық ғарыш саласының дамуындағы жаңа кезеңнің басталуына жол ашқаны ерекше атап өтілді.

Тоқтар Әубәкіров 1946 жылғы 27 шілдеде Қарағанды облысында дүниеге келген. Ол ғарышқа алғашқы әрі жалғыз сапарын 1991 жылғы 2 қазанда "Союз ТМ-13" ғарыш кемесімен жасады.

2025 жылғы 8 қазанда Дана Қарағұсованың суборбиталық сапары өтті. Тоқтар Әубәкіров бұл оқиғаны назардан тыс қалдырмай, ғарышқа турист ретінде ұшқан тұңғыш қазақстандық әйелді құттықтады.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: