Үш жыл бойы жасырынып жүрген: Алматыда алаяқ жасанды интеллект көмегімен супермаркеттен табылды
Фото: Zakon.kz
Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, ер адам жәбірленушіге 44 млн теңгеден астам шығын келтірді деген күдікке ілінген.
Бұған дейін сот оған пробациялық бақылау тағайындаған. Алайда ол 2023 жылы тұрғылықты жерінен өз бетінше кетіп, жасырынып қалған. Содан бері күдікті іздеуде болған.
Үш жылға жуық уақыттан кейін құқық қорғау органдарына оның Алматыда болуы мүмкін екені туралы ақпарат түскен. Бұл ретте арнайы жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізудің қажеті болмады.
Күдіктіні анықтауда қалалық бейнебақылау жүйесі шешуші рөл атқарды.
Ер адам супермаркеттердің біріне кірген кезде бейнекамераға түсіп қалған. Бет-әлпетті тану технологиясы оның бейнесін іздеуде жүрген азаматтардың дерекқорымен салыстырып, жеке басын анықтады.
Дабыл түскеннен кейін полиция қызметкерлері оқиға орнына жедел жетіп, күдіктіні ұстады. Құжаттары тексерілгеннен кейін ол Қарағандыға жеткізілді.
Қазіргі уақытта ер адам қамауда отыр. Алдағы уақытта сот бұған дейін тағайындалған пробациялық бақылаудың күшін жою және оны жазаның өтелмеген бөлігін өтеу үшін бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру мәселесін қарайды.
Бұған дейін Өскеменде такси жүргізушісі қарт әйелді ірі көлемдегі алаяқтықтан құтқарып, тіпті қылмыскерді айласымен сан соқтырғаны хабарланған еді.