Қазақстанның батысында қылмыстық топ ұрланған ақшаны криптовалюта арқылы заңдастырған

Биткоины, биткоин, криптовалюта, криптовалюты, цифровая валюта, майнинг, сурет - Zakon.kz жаңалық 30.07.2026 12:06 Фото: Zakon.kz
Ақтөбеде ҚМА қызметкерлері интернет-алаяқтарға көмектесті, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты, дропперлердің қызметін пайдаланды және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырды деген күдікке ілінген қылмыстық топтың әрекетін әшкереледі, деп хабарлайды Zakon.kz.

Тергеу мәліметінше, күдіктілер телефон және интернет арқылы жасалған алаяқтық салдарынан азаматтардан ұрланған ақшаны қабылдау, айырбастау және заңдастыру схемасын ұйымдастырған.

Қылмыстық топтың құрамында 10-нан астам адам болған. Олар заңсыз схеманы жүзеге асыру үшін банк шоттары ұрланған қаражатты аударуға пайдаланылған 150-ден астам дропперді тартқан.

Тергеу барысында қылмыстық топ мүшелерінің банк қосымшалары мен криптоәмияндар орнатылған, алдын ала дайындалған ұялы телефондарды пайдаланғаны анықталды. Бұл оларға дропперлердің шоттарын қашықтан басқарып, олардың тікелей қатысуынсыз қаржылық операциялар жүргізуге мүмкіндік берген.

Мамандар блокчейнді талдау құралдарының көмегімен ақша қозғалысының бүкіл тізбегін қалпына келтірді.

Алдымен ұрланған қаражат транзиттік банк шоттары арқылы аударылып, кейін дропперлердің шоттарына түскен. Содан соң бұл ақшаға USDT криптовалютасы сатып алынған. Операцияларға заңды сипат беру үшін күдіктілер жалған қарыз шарттарын рәсімдеп, аты-жөні басқа тұлғалардың атына тіркелген компанияларды пайдаланған. Соңғы кезеңде ақша қолма-қол қаражатқа айналдырылып, шетел валютасына айырбасталған.

Қазіргі уақытта тергеу Қазақстанның 16 өңірінен 80 жәбірленушіні анықтады. Келтірілген шығынның жалпы көлемі 120 млн теңгеден асты.


"Қылмыстық схемаға қатысы бар сегіз адам ұсталып, қамауға алынды. Тағы екі күдікті үйқамаққа алынды", – делінген ҚМА баспасөз қызметінің хабарламасында.

Соттың санкциясымен күдіктілердің мүлкі, оның ішінде сегіз пәтер, бір автокөлік және 52 мың USDT көлеміндегі цифрлық активтер бұғатталды.

Тергеу жалғасып жатыр.

Бұған дейін ҚМА Шығыс Қазақстан облысында заңсыз алтын өндіру әрекетінің жолын кескенін хабарлаған еді. Күдіктілер пайда табу мақсатында өзен арнасын өзгерткен.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: