Оңтүстік Кореяда жұмыс істегісі келетін қазақстандықтарға жақсы жаңалық

Қазақстан Оңтүстік Кореяның Жұмысқа орналасуға рұқсат беру жүйесіне енгізілді. Осыған байланысты ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтардың шетелде заңды түрде жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін жаңа арна ашады, деп хабарлайды Zakon.kz., сурет - Zakon.kz жаңалық 14.08.2026 15:32 Сурет: gov.kz
Қазақстан Оңтүстік Кореяның Жұмысқа орналасуға рұқсат беру жүйесіне енгізілді. Осыған байланысты ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтардың шетелде заңды түрде жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін жаңа арна ашады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы бүгін, 2026 жылғы 14 тамызда ведомствоның Telegram-арнасында жарияланды.

"Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан мен Корея арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту аясында елімізді халықаралық еңбек тетіктеріне ықпалдастыру бағытында ауқымды жұмыс жүргізілді. Нәтижесінде Қазақстан Оңтүстік Кореяның Жұмысқа орналасуға рұқсат беру жүйесіне (EPS) қатысушы елдердің тізіміне ресми түрде енгізілді. Бұл – Қазақстан азаматтарына шетелде заңды, қауіпсіз және ұйымдасқан түрде жұмысқа орналасуға жаңа мүмкіндіктер жасауға бағытталған жүйелі әрі қажырлы жұмыстың нәтижесі", – делінген хабарламада.

Корея тарапының шешіміне сәйкес, Қазақстан Е-9 жүйесіне қатысатын 18-ел болады. Қазіргі уақытта EPS бағдарламасына Қазақстаннан бөлек 17 мемлекет қатысады. Олардың қатарында Филиппин, Моңғолия, Шри-Ланка, Вьетнам, Таиланд, Индонезия, Пәкістан, Камбоджа, Қытай, Бангладеш, Шығыс Тимор, Непал, Мьянма және Лаос бар. Орталық Азия елдерінен бұл тізімге Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан да енген.

"Қазақстандық жұмысшыларды Корея Республикасына тарту 2028 жылдан басталады деп жоспарланып отыр. Оған дейін бірқатар ұйымдастыру шарасын аяқтау қажет. Атап айтқанда, үкіметаралық өзара түсіністік туралы меморандум жасалып, Қазақстанда корей тілінен тестілеу өткізетін EPS-TOPIK орталығы құрылады", – деп хабарлады ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.

Ведомство Қазақстанды EPS жүйесіне қосу жұмыстары 2023 жылдан бері жүргізіліп келе жатқанын еске салды. Осы уақыт ішінде азаматтарды ұйымдасқан түрде іріктеу мен даярлауға мүмкіндік беретін барлық қажетті рәсімдер кезең-кезеңімен жүзеге асырылды.

2026 жылғы қаңтарда Қазақстанға Кореяның сарапшылар делегациясы келіп, елдің жүйені іске қосуға дайындығын бағалады. Сарапшылар EPS орталығын құру, тілдік тестілеу өткізу, кәсіби дағдыларды бағалау, медициналық тексеру жүргізу және азаматтарға Оңтүстік Корея заңнамасының талаптарын түсіндіру мәселелеріне назар аударды.

Жүргізілген жұмыстардың қорытындысы бойынша Корея тарапы Қазақстанның жүйеге қатысуға дайын екенін мойындады.

Атап айтқанда, жұмысшыларды әділ әрі ашық іріктеуге қабілетті мемлекеттік және қоғамдық институттардың, сондай-ақ тілдік даярлықтан өткізуге, EPS орталығының жұмысын ұйымдастыруға және медициналық тексеру жүргізуге арналған тиісті инфрақұрылымның бар екені атап өтілді.

Сонымен қатар Қазақстанның азаматтардың заңсыз жүріп-тұруының алдын алу мәселелері бойынша ынтымақтастыққа толық дайын екені расталды.

Осылайша, Оңтүстік Кореяның шешімі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің азаматтар үшін заңды еңбек көші-қонының жаңа арналарын қалыптастыру бағытында атқарған жүйелі жұмысының нақты нәтижесі болды.

Еңбек министрлігі EPS жүйесіне қатысу Қазақстан азаматтарына мемлекеттер белгілеген тәртіп аясында Оңтүстік Кореяда ресми түрде жұмысқа орналасуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

"Жаңа тетіктің басты ерекшелігі – жұмысшыларды іріктеу бейресми делдалдар арқылы емес, ресми жүйе негізінде ұйымдастырылады. Үміткерлер тілдік тестілеу, кәсіби дағдыларын бағалау және медициналық тексеру секілді жүйеде көзделген кезеңдерден өтуі керек". ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі

Сонымен қатар ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтарға арнайы ескерту жасады.

"Ресми рәсім іске қосылғанға дейін "Кореяда жұмысқа орналасуға кепілдік береміз" немесе "іріктеуден жедел өткіземіз" деп уәде ететін делдалдарға ақша бермеу керек".

Ведомствоның нақтылауынша, тіркелу мерзімі, үміткерлерге қойылатын талаптар, тестілеуден өту тәртібі және басқа да кезеңдер туралы барлық ақпарат министрліктің ресми ақпарат көздері арқылы жарияланады.

Анықтама:

Employment Permit System (EPS) – Корея Республикасына шетелдік жұмысшыларды ұйымдасқан түрде тартуға арналған мемлекеттік жүйе. Оның аясында шетел азаматтары Корея Республикасының заңнамасында және тиісті мемлекетаралық рәсімдерде белгіленген шарттар бойынша жұмысқа орналаса алады.

Қазақстанды Е-9 жүйесіне қатысушы елдер тізіміне енгізу туралы шешімді Корея Республикасының үкіметі 2026 жылғы 14 тамызда Шетелдік жұмыс күші жөніндегі саясат комитетінің 49-отырысында қабылдады. Қажетті рәсімдер аяқталғаннан кейін қазақстандық жұмысшыларды алғаш рет тарту 2028 жылдан басталады деп жоспарланып отыр.

2026 жылғы 19 наурызда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай Қазақстанның EPS жүйесіне қосылу жөніндегі Оңтүстік Корея шешімін күтіп отырғанын хабарлаған еді.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: