Қазақстанда қылмыс деңгейі 11%-ға төмендеді – Бас прокурор

Генеральная прокуратура РК, сурет - Zakon.kz жаңалық 18.08.2026 09:39 Фото: Zakon.kz/Екатерина Елисеева
Қазақстанда жаңа Конституция қабылданғаннан кейін жүргізіліп жатқан ауқымды құқықтық реформа аясында құқық қорғау органдарының жұмыс тәсілдері де өзгеріп келеді. Бұл туралы 2026 жылдың 18 тамызында Бас прокурор Берік Асылов өзінің X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.

ҚР Бас прокурорының айтуынша, бүгінде жасалған қылмысқа ден қою жеткіліксіз. Құқық қорғау органдарының ортақ міндеті – қауіп-қатердің алдын алу, құқық бұзушылықтардың себептерін жою және азаматтардың құқықтарын нақты қорғауды қамтамасыз ету.

"Дәл осы мақсатта біз Қылмыстық қатерлер мен қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерін болжау орталығын құрдық. Ол – қылмыстың салдарымен күресуден оны ерте кезеңде ескертуге көшудің негізгі құралдарының бірі", – деп жазды Берік Асылов.

Орталық тәулік бойы елдегі криминогендік ахуалды талдайды, ықтимал қауіптер мен осал аймақтарды анықтайды, тәуекелдерді болжайды және олардың алдын алу жөнінде нақты шаралар әзірлейді. Оның жұмысының жеке бір бағыты қылмыстық қатерлердің жаңа түрлері мен тәсілдерін анықтау мақсатында шетелдік контентке мониторинг жүргізуге арналған.

Бас прокурордың сөзінше, жүргізілген талдау жергілікті жерлерде нақты шешімдер қабылдауға негіз болады.

Мәселен, Ішкі істер министрлігімен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, жасанды интеллект пен ұшқышсыз технологиялардың көмегімен азаматтарға қылмыстық қол сұғу ықтималдығы жоғары 360-тан астам қауіпті орын анықталған. Аталған аумақтарда полиция патрульдерінің жұмысы күшейтіліп, 4 мыңға жуық жаңа жарықтандыру нүктесі және 3,5 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылды.

"Мұндай тәсіл өз нәтижесін беріп отыр. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша елдегі қылмыс деңгейі 11%-ға төмендеді. Адам өлтіру, қарақшылық, тонау, қорқытып алушылық, ұрлық және көшелерде жасалатын қылмыстар азайды", – деді Бас прокурор.

Елімізде есірткі қылмысына қарсы жүйелі әрі белсенді жұмыс та жалғасып жатыр. "Кибернадзор" жүйесі есірткіні насихаттау белгілері бар 10 мың материалды бұғаттаған. Олардың қатарында 6 мыңнан астам есірткі сататын интернет-дүкен бар.

Прокуратура мен полиция органдарының тиімді өзара іс-қимылы нәтижесінде 464 мыңнан астам дропперлік шот бұғатталды. Сонымен қатар есірткі қылмысынан түскен 2,6 млрд теңгеден астам кіріске тыйым салынды.

Берік Асыловтың мәліметінше, соңғы жылдары алғаш рет интернет-алаяқтықтың өсу үрдісін өзгертуге қол жеткізілген. Мұндай қылмыстардың саны 9%-ға төмендеді.

Құқық қорғау органдары мен "Қазақтелеком" АҚ-ның бірлескен жұмысының арқасында бір миллионнан астам күдікті қоңырау тоқтатылып, шетелде орналасқан 12 алаяқтық колл-орталықтың қызметі әшкереленді.

Бас прокурор алаяқтық әрекетті дер кезінде тоқтатуға қатысты нақты мысал келтірді.

"Елордада прокуратураның бастамасымен осы байланыс операторының базасында құрылған Антиколл-орталық алаяқтардың қоңырауын 76 жастағы әйел оларға 21 млн теңге беруге дайындалып жатқан сәтте тоқтатты. Нәтижесінде қаражатты сақтап қалуға мүмкіндік туды", – деп жазды ол.

Бұдан бөлек, Ұлттық Банктің Антифрод-орталығы арқылы жалпы сомасы 2,9 млрд теңгеден асатын алаяқтық транзакциялар бұғатталды.

Берік Асылов келтірілген көрсеткіштердің артында азаматтардың қорғалған өмірі, денсаулығы мен мүлкі тұрғанын атап өтті.

"Біздің мақсатымыз – қауіптің қылмысқа айналуын күтпей, оны алдын ала анықтау, себептерін жою және салдарының алдын алу. Конституциялық "Заң мен тәртіп" қағидатын іс жүзінде жүзеге асыру дегеніміз – осы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдымызға дәл осындай міндет қойып отыр", – деп қорытындылады Бас прокурор.
Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: