Алғашқы Құрылтай сайлауы алдындағы басты дебат қалай өтті

"24KZ" телеарнасының тікелей эфирінде саяси партиялар көшбасшыларының қорытынды дебаты өтті. Пікірсайыс Қазақстан тарихында алғаш рет өтетін Құрылтай сайлауы қарсаңында ұйымдастырылды., сурет - Zakon.kz жаңалық 19.08.2026 23:25 Сурет: 24.kz
"24KZ" телеарнасының тікелей эфирінде саяси партиялар көшбасшыларының қорытынды дебаты өтті. Пікірсайыс Қазақстан тарихында алғаш рет өтетін Құрылтай сайлауы қарсаңында ұйымдастырылды.

Ауқымды саяси дода елдегі көппартиялылықтың жаңа деңгейін және партиялардың сайлауалды бағдарламалары арасындағы жоғары бәсекені көрсетті.

Дебатқа "Әділет" партиясының төрағасы Айбек Дадебай, "Ақ жол" партиясының көшбасшысы Дания Еспаева, Қазақстан Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов, "Ауыл" партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов, ЖСДП төрағасы Асхат Рахимжанов, Respublica партиясының көшбасшысы Айдарбек Қожаназаров және Baytaq партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев қатысты.

Негізгі пікірталас басталар алдында телеарна партиялардың сайлауалды штабтарымен тікелей байланысқа шықты. Сондай-ақ эфир барысында АҚШ, Қытай және БАӘ-де тұратын отандастармен телекөпір ұйымдастырылды. Көрермендер дебатты "24KZ" телеарнасынан бөлек, оның әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары мен YouTube арнасынан да тікелей эфирде тамашалады.

Жобаның басты ерекшеліктерінің бірі – азаматтарға партия көшбасшыларына тікелей сұрақ қою мүмкіндігінің берілуі. Сауалдарды арнайы QR-код немесе байланыс орталығы арқылы жолдауға мүмкіндік жасалды. Қазақстан тұрғындары мен шетелде жүрген азаматтардан барлығы 59 мыңға жуық сауал келіп түсті. Олардың арасында Бельгиядан жолданған сұрақтар да болды.

Пікірталас барысында партия көшбасшылары елдің экономикалық дамуы, әлеуметтік саясат, халықтың табысын арттыру, ауылдық аумақтарды дамыту, экологиялық туризм және өңірлердің мамандануы жөніндегі көзқарастарын ортаға салды. Сондай-ақ қатысушылар сайлауалды бағдарламаларының негізгі басымдықтарына тоқталып, азаматтардың сауалдарына жауап берді.

Атап айтқанда, Respublica партиясының көшбасшысы Айдарбек Қожаназаров халықтың әл-ауқатын арттыру мен әлеуметтік жағдайын жақсартуға басымдық берді. Baytaq партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев экологиялық туризмді экономиканы дамытуға серпін беретін бағыттардың бірі ретінде атады. Ал "Ақ жол" партиясының өкілі еңбек адамдарына қолайлы жағдай жасау және ұлттық ресурстарды азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағыттау қажеттігін айтты.

"Әділет" партиясының көшбасшысы Айбек Дадебай әділеттілік қағидатының маңызын атап өтсе, "Ауыл" партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған шаралар туралы айтты. ЖСДП төрағасы Асхат Рахимжанов еңбекақыны лайықты деңгейге көтеруді ұсынды. Ал Қазақстан Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов экономиканы дамыту кезінде әр өңірдің өзіндік ерекшелігі мен мамандану бағытын ескеру қажет екенін атап өтті.

Дебаттың қорытынды бөлімінде жеті партия көшбасшысының әрқайсысы сайлаушыларға үндеу жасап, өз бағдарламасының негізгі тұжырымын таныстырды. Осылайша, көрермендер алдағы дауыс беру қарсаңында партиялардың ұстанымдары мен мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары бойынша ұсыныстарын салыстыруға мүмкіндік алды.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: