Вахта кедергі емес: басқа өңірлерден келген жұмысшылар Ақмола облысында қалай дауыс беріп жатыр

Вахта кедергі емес: басқа өңірлерден келген жұмысшылар Ақмола облысында қалай дауыс беріп жатыр, сурет - Zakon.kz жаңалық 23.08.2026 12:55 Сурет: Ақмола облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Бүгін Ақмола облысындағы бірқатар кәсіпорында сайлау жұмыс ауысымымен қатар өтіп жатыр. Өңірдегі өндірісі үздіксіз жұмыс істейтін ұйымдарда жаңадан үш сайлау учаскесі ашылды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл учаскелердегі сайлаушылар тізіміне дауыс беру күні жұмыста жүрген 902 қызметкер енгізілген. Олардың арасында Көкшетауда еңбек етіп жүрген азаматтар да бар.

Мұндай мүмкіндік әсіресе вахталық әдіспен жұмыс істейтіндер үшін қолайлы. Еліміздің әр өңірінен Ақмола облысына бірнеше аптаға немесе айға жұмысқа келетін азаматтардың кейбірі сайлау күні үйінен жырақта жүреді. Енді олар жұмыс кестесін өзгертпей-ақ, еңбек етіп жүрген жерінде дауыс бере алады.

Осындай сайлау учаскелерінің бірі Көкшетаудағы "НОВОПЭК" ЖШС аумағында жұмыс істеп тұр. Тағы екеуі Бурабай ауданындағы "RC GOLD" ЖШС мен Зеренді ауданындағы "ALTYNTAU KOKSHETAU" АҚ-да ашылған.

Бүгін "ALTYNTAU KOKSHETAU" кәсіпорнында 305 адам дауыс береді. Олардың арасында басқа облыстардан жұмысқа келген қызметкерлер де бар. Олар үшін бүгінгі күн әдеттегі жұмыс кестесімен басталғанымен, енді оған сайлау учаскесіне барып, дауыс беру де қосылды.

"Өзім басқа өңірденмін, қазір мұнда вахталық әдіспен жұмыс істеп жүрмін. Әдетте сайлау күні үйде болатынмын, бірақ бұл жолы дауыс беру жұмыс кестеме сәйкес келді. Жұмыс орнымыздың жанында дауыс беруге мүмкіндік жасалғаны жақсы болды. Мен үшін сайлаудан қалыс қалмау маңызды еді. Сондықтан бүгін әріптестеріммен бірге учаскеге барып, өз таңдауымды жасадым. Үйден жырақта жүрген вахталық жұмысшылар үшін бұл шынымен де өте ыңғайлы", – деді кәсіпорын қызметкері Ержігіт Арапбай.

Осындай мүмкіндік Шортанды ауданының Жолымбет кентінде де қарастырылған. "Қазақалтын" тау-кен байыту комбинатында бүгін Солтүстік, Орталық және Шығыс Қазақстаннан келген қызметкерлер жұмыс істеп, дауыс беріп жатыр. Мұнда сайлауға барлығы 160 қызметкер қатысады.

Жұмысшылар жолға артық уақыт жұмсамауы үшін олар сайлау учаскесіне арнайы ұйымдастырылған көлікпен жеткізіледі. Таңғы сағат 08:00-де алғашқы 70 қызметкер дауыс беруге аттанды. Тағы 90 жұмысшы кешкі сағат 18:00-де сайлау учаскесіне барады.

Жұмыс ауысымы үйден жырақта өтіп жатқанда, тек дауыс беру үшін өз қаласына немесе ауылына қайту әрдайым мүмкін бола бермейді. Сондықтан жұмыс орнына жақын орналасқан сайлау учаскелері вахталық қызметкерлерге жұмыс кестесін өзгертпей-ақ, сайлау құқығын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: