Студенттерді ауыстыру және оқуға қайта қабылдау тәртібі өзгерді
Фото: Zakon.kz
Құжатқа сәйкес, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының (ЖЖОКБҰ) студенті жеке оқу жоспары бойынша білім беру бағдарламасының бірінші академиялық кезеңін толық аяқтаған жағдайда ғана оқудан шығарылғаннан кейін қайта қабылдана немесе басқа оқу орнына ауыса алады.
Алайда түзетулерде бұл талапқа қатысты бірқатар ерекшелік қарастырылған. Атап айтқанда, шығармашылық дайындықты талап ететін жоғары білім беру бағдарламалары тобынан басқа білім беру бағдарламаларына ауысу үшін студенттің ҰБТ сертификаты болуы қажет. Оның нәтижесі қабылдаудың үлгілік қағидаларында белгіленген шекті балдан төмен болмауға тиіс.
Сонымен қатар қағидаларға жаңа нормалар енгізілді.
Білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы кадрларды даярлау бағыттары бойынша жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларына қайта қабылдау немесе ауыстыру кезінде, оның ішінде шетелдік оқу орындарынан келген студенттерден ҰБТ немесе кешенді тестілеу сертификаты талап етіледі. Жинаған балы белгіленген шекті деңгейден төмен болмауы керек. Бұдан бөлек, талапкер арнайы емтихан тапсырып, қағидаларда көзделген талаптарды сақтауға міндетті.
Бұл талап жетекші шетелдік жоғары оқу орындарында білім алып жүрген студенттерге қолданылмайды. Олар шетелдік оқу орны берген және кемінде 30 академиялық кредитті меңгергенін растайтын транскрипт ұсынуға тиіс. Мұндай шетелдік оқу орындарының тізімін ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
Шетелдік жоғары оқу орнынан ауысу немесе оқуға қайта қабылдану кезінде студенттер:
- меңгерілген оқу нәтижелері көрсетілген транскриптті;
- тиісті білім беру бағдарламалары тобы немесе мамандық бойынша белгіленген шекті балдан төмен емес нәтижесі бар ҰБТ немесе кешенді тестілеу сертификатын ұсынады.
Шет тіліндегі құжаттарға қабылдаудың үлгілік қағидаларына сәйкес қазақ немесе орыс тіліндегі нотариат куәландырған аударма қоса берілуі қажет.
Егер студентте ҰБТ немесе кешенді тестілеу сертификаты болмаса, ЖЖОКБҰ оны бір академиялық кезеңге оқуға қайта қабылдау немесе ауыстыру туралы бұйрық шығарады.
Осы уақыт ішінде студент ҰБТ немесе кешенді тестілеуді белгіленген мерзімде тапсыруға тиіс. Тиісті білім беру бағдарламалары тобы немесе мамандық бойынша шекті балды жинаған студент оқуын жалғастыра алады.