Тоқаев қазақстандық мұғалімдердің 95 пайызы жұмысына көңілі толатынын айтты
Фото: Министерство просвещения РК
Президенттің айтуынша, кейінгі жылдары мұғалімдердің қоғамдағы беделін нығайтуға бағытталған бірқатар маңызды шешім қабылданды.
"Ұстаздың беделін нығайтып, оларды жан-жақты қолдау үшін белсенді жұмыс атқарылып жатыр. "Педагог мәртебесі туралы" арнайы заң қабылданды. Биыл бұл заңға толықтыру енгізіліп, ұстаздарға қосымша құқықтық және әлеуметтік кепілдіктер берілді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы 5 қазан ұстаздардың кәсіби мерекесі ретінде ресми түрде бекітілгенін еске салды. Сондай-ақ мемлекеттік марапаттар тізіміне "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" атағы енгізілген.
Президенттің сөзінше, аталған атаққа ие болған педагогтерге қомақты сыйақы беріледі. Бүгінде 100-ге жуық мұғалім осы марапатқа ие болған.
"Басқа да лайықты ұстаздар мемлекет назарынан тыс қалмай, осы құрметті атаққа ие болары күмәнсіз. Соңғы үш жылда еліміздегі үш мұғалімге ең жоғары мемлекеттік награда – "Қазақстанның Еңбек Ері" атағы берілді. Бұл ұстаздар қауымына деген айрықша құрметтің белгісі екені сөзсіз", – деді Президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев TALIS-2024 халықаралық зерттеуінің нәтижелеріне назар аударды.
"TALIS-2024 зерттеуінің нәтижесіне сәйкес, Қазақстан мұғалімдердің беделін нығайту көрсеткіші жөнінен екінші орында тұр. Сондай-ақ ұстаздардың еңбекақыға қанағаттану өлшемі бойынша еліміз әлемдегі алғашқы бес мемлекеттің қатарына кіреді", – деді Мемлекет басшысы.
Зерттеу нәтижесі бойынша қазақстандық педагогтердің 95%-ы өз жұмысына көңілі толатынын, ал 80%-ы мұғалім мамандығын қайта таңдауға дайын екенін айтқан.
Сөз соңында Президент ұстаздар қауымына алғысын білдірді.
"Баршаңызға зор алғыс!" – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.