Салиқалы ұлттық сана-сезімді қалыптастыру ісіне айрықша мән беру керек – Тоқаев
Фото: akorda.kz
Президенттің айтуынша, бүгінде Қазақстандағы қоғамдық өмірдің барлық саласы реформаланып, бірегей инновациялық стандарттар мен тәсілдер енгізіліп жатыр.
"Мемлекеттік институттар мен экономикада ғана емес, ең маңыздысы, азаматтық сана-сезім мен ұлт менталитетінде байыпты әрі ауқымды жаңғыру үрдісі жүріп жатыр", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы соғыс, дағдарыс және қырғи-қабақ қатынастар толастамаған қазіргі әлемде мұндай жүйелі қоғамдық трансформацияны бірегей тәжірибе деп атауға болатынын айтты. Оның сөзінше, ешбір аймақта дәл осындай үлгі боларлық мысал жоқ.
"Қазақстан түбегейлі реформа жолына түсті, көзге айқын көрінетін өзгерістер жүріп жатқан елге айналды деп толық сеніммен айта аламыз", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев жаңғыру бағытынан жаңылмай, қол жеткізілген нәтижелерді орнықтыру үшін ұлттың тарихи дамуына қатысты бірқатар ұстаным мен көзқарасты өзгерту қажет екенін атап өтті.
"Қоғамымыз аңыздарға емес, шынайылыққа арқа сүйеуі керек. Ескілікті аңсамай, алға қарай ұмтылып, ғылымды дамытуға ден қоюға тиіс. Ауызымен орақ орғандар емес, істің адамы бағалануы қажет. Жалғандыққа жаны қас, шындыққа жақ халық болғанымыз жөн", – деді Мемлекет басшысы.
Президент бұл қағидаттар келешек ұрпақ идеологиясының өзегіне айналуға тиіс екенін айтты.
Оның сөзінше, ынтымағы мен бірлігі жарасқан халқымыз тарихтағы талай сынаққа қасқайып қарсы тұрды. Ендігі міндет – елдің күш-қуатын даму көкжиегін кеңейтуге жұмылдыру.
"Жасампаздық пен еңбек қана мұратымызға жеткізеді", – деп қорытындылады Қасым-Жомарт Тоқаев.