"Өмір бойы есімде қалады": Қырғызстандағы Көшпенділер ойындарының ашылуы жұртты тәнті етті
Сурет: akorda.kz
Ауқымды шоуды стадионда 29 мыңнан астам көрермен тамашаласа, Бішкектегі фан-аймақтарға тағы 30 мыңға жуық адам жиналды. Салтанатты рәсімге бірқатар мемлекеттің басшылары, соның ішінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.
Қырғызстан астанасының тұрғыны Моника Рудзките мерекелік іс-шарадан түсірілген әсерлі кадрларды Instagram парақшасында жариялады.
"Осында келгеніме өте қуаныштымын. Сіздер үшін ең керемет сәттердің бәрін түсіріп жатырмын", – деп жазды ол бейнероликтердің біріне.
Кейінірек әлеуметтік желі қолданушысы таңғажайып визуалды әсерлерге толы шоудан бірнеше видео жариялады.
"Бұл көрініс өмір бойы есімде қалады", – деді Моника Рудзките.
Салтанатты кеште америкалық әнші Николь Шерзингер де өнер көрсетті.
Әлеуметтік желі қолданушылары ашылу рәсімінің ауқымы мен ұйымдастырылуына тәнті болып, әсерлерін жарыса жазды.
- Қазір әрбір қырғызстандықтың бойын отансүйгіштік сезімі кернеп тұрған шығар.
- Бәріміз таңғалып отырмыз. Бұл – жаңа деңгей.
- Бәрекелді, қырғыздар! Бұл – нағыз әлемдік деңгей.
- Сіздер үшін қатты қуаныштымын. Көзіме жас келді. Бүкіл әлемде бейбітшілік орнасын. Қазақстаннан сәлем!
- Керемет көрініс! Мақтаныш сезімі кернейді. Бұл – біздің Қырғызстан.
- Неткен ауқым! Сенгісіз көрініс.
- Мұның өз елімізде өтіп жатқанын сезінудің өзі қандай керемет!
- Қырғызстанымыз жақсы жаққа қарай дамып келеді. Осы қарқыннан таймаңыздар. Ең жақсы күндер әлі алда.
- Тіпті көзіме жас келді. Соңғы 30 жылда мұндайды армандауды да қойған едік, – деп жазды желі қолданушылары.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әлемнің 100-ден астам елінен 3 мыңға жуық спортшы келген. Қатысушылар этноспорттың 43 түрінен жүлделерді сарапқа салады.
Қазақстан атынан 150-ден астам спортшы қатысып, бағдарламаға енгізілген барлық спорт түрінен бақ сынайды. Сондай-ақ ашылу салтанатына арналған ауқымды шоуды ұйымдастыруға қазақстандық команда да атсалысқан.