Қазақстан емханаларында педиатриялық учаскелер қайта ашылады
Фото: akorda.kz
Құжат жобасында амбулаториялық медициналық көмек көрсететін ұйымдарда педиатрларды 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін жалпы практика дәрігерлерімен толық алмастыру көзделген норманы алып тастау ұсынылады.
Бұл өзгеріс емханалардағы педиатриялық учаскелерді сақтауға және қайта ашуға мүмкіндік береді. Тиісті мамандар болған жағдайда балалар тіркелген емханасында педиатрдан алғашқы медициналық көмек ала алады. Сонымен қатар балалар медицинасының кадрлық әлеуетін нығайту үшін педиатрларды даярлау көлемі ұлғайтылады.
Денсаулық сақтау министрлігінің түсіндіруінше, әр учаскеде педиатрдың болуы баланың денсаулығын туғаннан бастап жүйелі бақылауға мүмкіндік береді.
"Бұл баланы туғаннан бастап тұрақты бақылауға, дамуындағы ауытқуларды ерте анықтауға, педиатрлар мен жалпы практика дәрігерлерінің өзара іс-қимылын жақсартуға, сондай-ақ медициналық көмекті отбасының тұрғылықты жеріне барынша жақындатуға мүмкіндік береді", – делінген құжаттың негіздемесінде.
Осылайша, балалар қажетті медициналық бақылаудан өз емханасында өтіп, қажет болған жағдайда қосымша диагностикаға немесе мамандандырылған көмекке уақтылы жіберіледі.
Министрліктің мәліметінше, педиатриялық қызметті дамыту балалардың тұрғылықты жеріне қарамастан сапалы медициналық көмек алуына жағдай жасауға бағытталған. Бұл ата-аналар үшін баланың денсаулығын қолжетімді әрі үздіксіз бақылауға, ал денсаулық сақтау жүйесі үшін алғашқы буындағы педиатриялық көмекті нығайтуға мүмкіндік береді.
Құжат "Ашық НҚА" порталында 18 қыркүйекке дейін қоғамдық талқылауға шығарылды.