Мектеп формасының түсі мен шаш үлгісі: Сүлейменова оқушыларға қандай талап қоюға болатынын түсіндірді

Школьник, школьники, ученик, ученики, школа, школы, школьная форма, сурет - Zakon.kz жаңалық 08.09.2026 16:32 Фото: Zakon.kz
Қазақстанның оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова 2026 жылғы 8 қыркүйекте Үкіметтегі брифингте мектептердің оқушы формасына, шаш үлгісіне және сыртқы келбетіне қатысты қандай талаптар қоя алатынын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Бұл мәселені журналистер көтерді. Олар қыркүйекте әлеуметтік желілерде тараған оқушыларға рұқсат етілген шаш үлгісінің үш түрі туралы инфографикаға назар аударды.

Сондай-ақ мектеп формасының түсі талапқа сай келмегені үшін ата-аналарға айыппұл салынатыны және балалардың сабаққа жіберілмейтіні туралы шағымдар тараған. Осыған байланысты журналистер министрден мектеп талаптары мен өкілеттікті асыра пайдаланудың ара-жігін түсіндіруді сұрады.

"Мектеп формасына қатысты негізгі ережелер бар: көк және қара түстерге рұқсат етіледі. Оқушының мектеп формасын киіп келуі де – заң талабы. Бұл жөнінде ішкі бұйрық бар. Ал шаш үлгісін Оқу-ағарту министрлігі реттемейді. Ол әр мектептің ішкі тәртібімен белгіленеді", – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Министрдің айтуынша, әр мектеп өзінің ішкі ережелеріне сәйкес оқушылардың сыртқы келбетіне қатысты талаптар белгілей алады.

"Биыл мектептер оқушылардың сыртқы келбетіне қатысты талаптар қоя бастады. Біз сыртқы келбет оқу процесіне кедергі келтірмеуі, оқушы ұқыпты жүруі және қойылған талаптар кемсітушілік сипатында болмауы керек екенін айтып отырмыз. Сонымен қатар шаш үлгісін немесе сыртқы келбетті шамадан тыс реттеуді жоспарлап отырған жоқпыз. Мектептің ішкі тәртібі мен ережелері оның жарғысына сәйкес реттелуге тиіс", – деді министр.

БАҚ өкілдері бала қара түсті форма кигісі келсе, мектеп одан тек көк түсті киім киюді талап ете ала ма деп те сұрады.

"Жоқ. Мұндай мәселенің болғанын білемін. Біз оны нақты түсіндіріп, білім басқармаларымен арнайы кеңес өткіздік. Сондықтан мектеп формасының қара түсіне де, көк түсіне де рұқсат етіледі", – деп жауап берді Жұлдыз Сүлейменова.

Оқушылардың сыртқы келбетіне шамадан тыс талап қойған мектептер жазалана ма деген сұраққа министр жазалау негізгі мақсат емес екенін айтты.

"Біз түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қоғамдық әдепке қатысты жаңа тәсілдерді қалыптастыруымыз керек", – деп атап өтті ол.

Сондай-ақ журналистер кейбір жекеменшік мектептерде хиджаб киюге рұқсат берілуі Оқу-ағарту министрлігінің талаптарына сәйкес келе ме және ведомство бұл мәселені қалай бақыламақ деп сұрады.

"Бұл – өте маңызды мәселе. Бізде мектеп формасына қатысты бірыңғай талап бар. Барлық мектеп осы ережелер мен талаптарға сәйкес жұмыс істеуге тиіс. Мұндай жағдайлар болғанын білеміз және олармен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұл жұмысқа Ұлттық қауіпсіздік комитеті де қатысады. Әкімдіктермен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жұмыс істейтін үлкен комиссиямыз бар. Биыл оқу жылының басында мұндай мектептер жоқ. Ал былтыр олардың арасында жекеменшік мектептер де болды", – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Министрдің айтуынша, жекеменшік мектептерде мұндай деректер анықталған жағдайда олардың лицензиясын қайтарып алу мәселесі қарастырылуы мүмкін. Сондай-ақ заңнамада көзделген өзге де шаралар қолданылады.

Бұған дейін Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова жасанды интеллектіні пайдалана отырып, жаңа форматтағы мектеп оқулықтарын әзірлеу жоспары туралы айтқан еді.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: