Қазақстандық ғалымдар жаңа сусын әзірледі

Қазақстанда бал мен зімбір негізінде жаңа функционалды сусын жасалды. Бұл туралы Zakon.kz Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәлімдемесінен білді., сурет - Zakon.kz жаңалық 14.09.2026 14:26 Сурет: pexels
Қазақстанда бал мен зімбір негізінде жаңа функционалды сусын жасалды. Бұл туралы Zakon.kz Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәлімдемесінен білді.

Ведомство мәліметінше, қазақстандық ғалымдар бал мен зімбір негізінде алкогольсіз фитосусын өндіру технологиясын әзірлеген.

Жобамен Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының құрамындағы Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсіптері ғылыми-зерттеу институтының мамандары айналысты.

Әзірлеушілердің айтуынша, бұған дейін Қазақстанда функционалды сусындар өндірісінде бал мен зімбірдің мұндай үйлесімі қолданылмаған. Ғалымдар екі ингредиентті бір рецептураға біріктіріп, шикізаттың пайдалы қасиеттерін сақтауға мүмкіндік беретін ұқыпты өңдеу технологиясын таңдаған.

Функционалды сусындар – шөлді қандырудан бөлек, қосымша пайдалы қасиеттері бар деп саналатын сусындар. Мұндай қасиеттер олардың құрамындағы дәрумендер, минералдар, антиоксиданттар мен өсімдік компоненттері арқылы қамтамасыз етіледі.

"Жоба аясында мамандар 40 рецептураны әзірлеп, сынақтан өткізді. Дәмі, сапасы және экономикалық көрсеткіштері бағаланғаннан кейін келешегі бар төрт нұсқа таңдалды", – деп хабарлады ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.

Жаңа сусындардың құрамында антиоксиданттар көп екені белгілі болды. Оларды әзірлеу кезінде бал мен зімбірдің биологиялық белсенді компоненттерін сақтауға ерекше назар аударылған.

Жаңа технология отандық балды тамақ өнеркәсібінде пайдалану аясын кеңейтуге де мүмкіндік береді.

Қазақстанда бал өндіру көлемі айтарлықтай болғанымен, ол функционалды сусындар шығаруда әзірге аз қолданылады. Жаңа әзірлеме ара шаруашылығы өнімдерін терең өңдеп, қосылған құны жоғары өнімдер шығаруға жол ашады.

Аталған әзірлемеге пайдалы модель ретінде Қазақстан Республикасының патенті алынды. Сонымен қатар мамандар алкогольсіз және алкоголь мөлшері төмен фитосусындарды өндіру бойынша әдістемелік ұсынымдар дайындады.

Қазір технологияны тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарына енгізуге толық дайын. Алдағы уақытта оны отандық функционалды сусындар түрін көбейту және ара шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласын дамыту үшін пайдалану жоспарланып отыр.

Бұған дейін диетолог дәрігер Андрей Бобровский кофенің сергітетін әсері түнгі ұйқыға кері ықпал етуі мүмкін екенін айтып, соңғы шыныаяқ кофені ұйықтардан 6-8 сағат бұрын ішуге кеңес берген еді.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: