Қазақстанда азаматтарды өңірлерге ерікті түрде қоныстандыру тетігі қайта қаралады
Фото: unsplash
Құжатта материалдық көмек көрсету тетігін жетілдіру, сұранысқа ие мамандар мен шаруа қожалықтарының басшыларын қосу арқылы бағдарламаға қатысушылар аясын кеңейту көзделген. Сондай-ақ қолданылатын терминдерді өзектендіру және қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілер мен заңнаманың жаңа нормалары арасындағы қайшылықтарды жою жоспарланып отыр.
Құжаттың мақсаты – жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін азаматтарды ерікті түрде қоныстандыру тетігін жетілдіру, бағдарлама қатысушыларына көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру және қағидаларды республика заңнамасына енгізілген өзгерістерге сәйкестендіру.
Еңбек министрлігінің мәліметінше, жобаны іске асыру нәтижесінде:
- қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсетудің бірыңғай тәртібі қалыптасады;
- сұранысқа ие мамандар мен шаруа қожалықтары басшыларының бағдарламаға қатысу мүмкіндігі кеңейеді;
- жұмыс күшіне мұқтаж өңірлерге еңбек ресурстарын тарту тиімділігі артады.
Құжат "Ашық НҚА" порталында 19 қыркүйекке дейін қоғамдық талқылауға жарияланды.