Алматы автобустарындағы жол жүру құны шын мәнінде қайда жұмсалады
Фото: Zakon.kz
Мамандардың айтуынша, жол жүру құны – жолаушыны бір нүктеден екіншісіне жеткізуге кететін шығынмен ғана шектелмейді.
"Оның құрамына жанармайға, электр энергиясына, автобустарды күнделікті техникалық тексеруге, қосалқы бөлшектер мен шиналарды ауыстыруға жұмсалатын шығындар кіреді. Сондай-ақ осы қаражат есебінен жүргізушілерге, механиктерге, жөндеу мамандары мен диспетчерлерге жалақы төленеді", – дейді Алматы қаласының Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының баспасөз қызметі.
Сондай-ақ қазіргі таңда қоғамдық көлікті күтіп ұстау және оның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін қомақты қаражат қажет екені айтылды.
"Соңғы жылдары жанармай мен қосалқы бөлшектердің бағасы айтарлықтай өсті. Бұл шығындардың басым бөлігін мемлекет өз мойнына алып отыр. Соның нәтижесінде автобус парктері тұрақты жұмысын жалғастыруда", – деп толықтырды ведомство.
Өкінішке қарай, қазіргі уақытта жол ақысын төлеуден жалтарып, қоғамдық көлікті тегін пайдаланатын жолаушылар саны артып келеді.
"Әрбір төленбеген жолақы – көлік паркін жаңартуға, автобустарды жөндеуге және жаңа бағыттар ашуға жұмсалуы мүмкін қаражатқа әсер етеді".
Өтініштің соңында қала тұрғындарынан жол ақысын уақытылы төлеу сұралды.
Алматы қаласында бір рет автобуспен жүру құны 120 теңге. Жол ақысын электронды көлік картасы, мобильді қосымша немесе SMS арқылы төлеуге болады. Қаладағы қоғамдық көліктерде қолма-қол ақшамен төлеу толығымен алынып тасталған.
Сондай-ақ бұған дейін Алматыда 2026 жылғы 10 қыркүйектен бастап №111, №10, №10А және №22 автобустарының қозғалыс сызбалары уақытша өзгеретіні туралы хабарлаған болатынбыз.