Жезқазған әкімі отставкаға кетті
Сурет: Instagram/kairatsh_08
Шайжанов бұл күннің өзі үшін ерекше әрі толқынысқа толы екенін атап өтті.
"Қала әкімі қызметіндегі жұмысымды аяқтап, сіздермен қоштасатын уақыт келді. Төрт жыл бойы сіздермен бірге туған қаламызды дамыту жолында еңбек еттік, ыстығы мен суығын бірге көріп, қолдан келгеннің бәрін жасауға тырыстық. Бұл кезең мен үшін үлкен жауапкершілік қана емес, нағыз өмір мектебі әрі баға жетпес тәжірибе болды", – деді Қайрат Шайжанов.
Ол қала тұрғындарына білдірген сенімі мен қолдауы үшін алғыс айтты.
"Мен үшін Жезқазған – жай ғана еңбек еткен қала емес. Бұл – тағдырым, еңбегім және қымбат естеліктеріммен байланысты туған өлке. Менің осы қызметтегі жұмысым аяқталғанымен, Жезқазғанға деген жанашырлығым мен қалаға арнаған ізгі тілегім ешқашан таусылмайды", – деді ол.
Қайрат Шайжанов Жаңаарқа ауданының Атасу кентінде дүниеге келген. Оның екі жоғары білімі бар. Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті мен Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін бітірген.
Еңбек жолын құрылыс компанияларындағы басшылық қызметтерден бастаған. Әр жылдары Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары, Жезқазған қаласы әкімінің кеңесшісі болып жұмыс істеп, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы кәсіпорындар мен бөлімшелерді басқарған. 2015-2017 жылдары Қарағанды облысы Осакаров ауданының әкімі қызметін атқарды. 2022 жылғы маусымда Жезқазған қаласының әкімі болып тағайындалған.
Бірнеше күн бұрын, 14 қыркүйекте Шәкір Кейкіннің Атырау қаласының әкімі қызметінен кеткені хабарланған.