Бектенов жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге бақылауды күшейтуді тапсырды
Фото: Zakon.kz
Премьер-министр Олжас Бектенов 2026 жылғы 22 қыркүйекте өткен Үкімет отырысында жаяу жүргіншілер өткелдеріне бейнетіркеу жүйелерін орнату жұмысын кеңейтуді тапсырды, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Үкімет басшысы жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі елді мекендерде болатынын атап өтті.
"Жол апаттарының бір бөлігі жүргізушілердің ұялы телефон пайдалануынан болады. Жолдардағы барлық автоматтандырылған жүйе көлік жүргізу кезінде телефон пайдалану деректерін барынша анықтауға бейімделуге тиіс. Жалпы, Ішкі істер министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, орнатылған камералардың барлығының жұмыс істеп тұрғанын тексеруі қажет. Жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын оқиғаларға да тоқталғым келеді. Мұндай жағдайлардың басым бөлігінде жаяу жүргіншілердің өздері кінәлі. Көшені белгіленбеген жерден жүгіріп өтетін адамдарға қолданылатын жазаны қатаңдату керек", – деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелдерінде де жол апаттары жиі болатынын, мұндай жағдайда көбіне жүргізушілер кінәлі екенін айтты.
"Әкімдіктерге жаяу жүргіншілер өткелдеріне бейнетіркеу жүйелерін орнату жұмысын кеңейтуді тапсырамын. Әсіресе білім беру ұйымдарының маңына кері санау таблосы бар заманауи бағдаршамдар орнату қажет. Ішкі істер министрлігі көшелерге жол апатының алдын алуға арналған дизайн элементтерін енгізу бойынша шет мемлекеттердің тәжірибесін зерделеуі тиіс", – деді Үкімет басшысы.
Бұған дейін Олжас Бектенов, әсіресе түнгі уақытта қатты шу шығаратын автокөлік пен мотоцикл жүргізушілеріне қатысты шараларды күшейтуді тапсырған еді.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript