Қазақстан жолдарында полиция жүргізушілерді қандай жағдайда тоқтата алады
Фото: Zakon.kz
БАҚ өкілдері полицияға көлік құралдарын тексеру үшін тоқтату құқығы қайта берілгеннен кейін айыппұлдардың өндіріп алыну көрсеткіші қалай өзгергенін және бұл шара мас күйде көлік жүргізуге қарсы күреске ықпал еткен-етпегенін сұрады.
"Мұны қалай түсінуге болады? Бір жыл бұрын дейсіз бе? Бізде мұндай құқық әрдайым болған. "Жол жүрісі туралы" заңның 52-бабы "Көлік құралын тоқтату" деп аталады. Онда көлікті қашан және қандай мақсатпен тоқтатуға болатыны нақты жазылған. Біз жол ережесі бұзылғанда, қылмыс жасалды деген күдік туындағанда, жедел-профилактикалық іс-шаралар кезінде, сондай-ақ бекеттер мен шептерде құжаттарды тексеру үшін көлікті әрдайым тоқтататынбыз", – деді Игорь Лепеха.
Осыған байланысты журналистер бұл талаптың қалаларға да қатысты екенін нақтылады. Министрдің орынбасары өзі атаған көлікті тоқтату негіздері елді мекендерде де қолданылатынын айтты.
"Бұл жерде мәселе басқада. Кезінде бізде құқық бұзушылықтарды тек қозғалыс кезінде анықтау туралы бұйрық болған. Сіздер соны айтып отырған шығарсыздар. Бұл қате шешім еді. Бұйрықтың тиімсіз екені белгілі болды. Ол жол полициясы қызметкерлерінің жұмысын едәуір қиындатты. Мәселен, мен жол қиылысында тұрып, жүргізушінің бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кеткенін көрдім делік. Мұндай құқық бұзушылықты қозғалыс кезінде қалай анықтауым керек? Жүргізушіні бірден тоқтатып, жауапқа тартып, хаттама толтыруым қажет", – деді ол.
Игорь Лепеханың түсіндіруінше, құқық бұзушылықты тек қозғалыс кезінде анықтау туралы талап полиция қызметкерін тәртіп бұзған жүргізушінің соңынан қууға мәжбүрлеген. Мәселен, жылдамдық сағатына 140 шақырыммен шектелген жолда көлік 150 шақырым жылдамдықпен жүрсе, полиция қызметкері қозғалысты бастап, оны қуып жеткеннен кейін ғана жүргізушіні жауапқа тартуға тиіс болған.
"Мен мұны көрген соң көлікке отырып, сізді сағатына 170 шақырым жылдамдықпен қуып жетіп, жауапқа тартуым керек. Сондықтан біз бұл бұйрықтан бас тартып, құқық бұзушылықтарды қозғалыс кезінде ғана емес, стационарлық жағдайда да анықтауға болатынын белгіледік. Жалпы, бұл – бұрыннан қалыптасқан қызмет атқару тәртібі. Тіпті маршрут картасында қанша уақыт жүретінім, қай бағытпен қозғалатыным, қай жерде тоқтайтыным, қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қай жерде тексеретінім де көрсетіледі", – деді Ішкі істер министрінің орынбасары.
Ол полицияның алдына айыппұлдар есебінен бюджетті толықтыру міндеті қойылмағанын да атап өтті.
"Біз фискалдық орган емеспіз. Біздің міндетіміз – құқық бұзушылықтардың жолын кесу. Бүгінде жол қозғалысы саласындағы құқық бұзушылықтардың басым бөлігі автоматты тіркеу жүйелері арқылы, яғни жүргізушімен тікелей байланыссыз анықталады. Ел бойынша бұл көрсеткіш 67%-ды, ал Алматы мен Астана секілді ірі қалаларда 70%-дан астамды құрайды. Құқық бұзушылықтардың көбі осылай анықталады. Сондықтан көлікті жолда тоқтату арқылы анықталатын деректердің үлесі өте аз. Полиция қызметкері өрескел құқық бұзушылықты көрсе, оған міндетті түрде ден қоюы керек. Бұл айыппұл көрсеткіштеріне айтарлықтай әсер еткен жоқ. Дегенмен алдын алу және тәртіпті сақтау тұрғысынан жүргізушілерге тежеуші әсері бар", – деп қорытындылады Игорь Лепеха.
Бұған дейін ол электрлі велосипедпен жүру ережелерін түсіндірген