Орталықтар мен колониялардағы азаматтардың төлемдері: министрлік өзгерісті түсіндірді

Деньги, тенге, национальная валюта, национальная валюта РК, национальная валюта Казахстана , сурет - Zakon.kz жаңалық 24.09.2026 13:10 Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин
Қазақстанда толық мемлекет қамқорлығындағы азаматтарға төленетін зейнетақы мен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны пайдалану тәртібін өзгерту ұсынылды. Бұл туралы 2026 жылғы 24 қыркүйекте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі Zakon.kz-ке хабарлады.

Ведомствоның түсіндіруінше, өзгеріс бюджет шығыстарының қайталануын болдырмауға және қаражатты тиімді пайдалануға бағытталған. Заңда көзделген әлеуметтік кепілдіктер сақталады.

Мемлекеттік арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарында тұратын азаматтар толықтай мемлекет есебінен қамтамасыз етіледі: оларға баспана, тамақ, киім, медициналық көмек, күтім және басқа да әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі азаматтарға да осындай тәртіп қолданылады.

Қазір бұл азаматтарға тағайындалған зейнетақы төлемдері мен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың 30%-ы өздеріне беріледі, ал 70%-ы мекеменің арнайы шотына аударылады. Бұл қаражат тамаққа, жұмсақ мүкәммалға және заңда көзделген өзге де қажеттіліктерге жұмсалады.

"Алайда адамдарды қамтамасыз етуге кететін негізгі шығындар бюджет есебінен өтеліп отыр. Сондықтан мемлекет қаржыландырып отырған шығыстардың қайталануын болдырмау үшін төлемдердің 70%-ын пайдалану тәртібін өзгерту ұсынылады", – деп түсіндірді министрліктің баспасөз қызметі.

Азаматтың өзіне берілетін төлем мөлшері өзгермейді: зейнетақы немесе жәрдемақының 30%-ы бұрынғыдай өз қарамағында қалады. Ал қалған 70%-ы мемлекет бюджет есебінен өтеп отырған шығыстарға қайта жұмсалмайды.

Үнемделген қаражатты әлеуметтік маңызы бар жобаларға, әлеуметтік қорғау жүйесін дамытуға және әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруға бағыттау ұсынылып отыр. Бұл ретте азаматтарды мемлекет есебінен қамтамасыз ету көлемі қысқармайды.

"Тұру, тамақтану, медициналық көмек, күтім және заңда көзделген басқа да қызметтер толық көлемде көрсетіле береді. Жаңа тәртіп адам толық мемлекет қамқорлығында болған кезеңде ғана қолданылады. Орталықтан шыққаннан немесе қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінен босатылғаннан кейін зейнетақы төлемдері немесе әлеуметтік жәрдемақы қайтадан толық көлемде, яғни 100% мөлшерінде төленеді", – деп түсіндірді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.

Осылайша, азаматтар төлемнің 30%-ын жеке қажеттіліктеріне жұмсай алады. Ұсынылған өзгеріс қалған 70%-ды пайдалану тәртібіне қатысты.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: