Ақтауда жүк көлігі жолдың жабылуына себеп болды
Сурет: instagram/112_aktau
Ақтау қаласы әкімдігінің мәліметінше, оқиға 2026 жылғы 27 қыркүйек күні болған. Химия-гидрометаллургия зауыты маңында жүк көлігі теміржол жолының құрылымдық элементтеріне тиіп кеткен. Соның салдарынан нысанның жекелеген бөліктері зақымданған.
Оқиғадан кейін қала билігі осы жол учаскесіндегі қозғалысты уақытша шектеу туралы шешім қабылдады.
"Қазіргі уақытта оқиғаның салдарын жою және зақымданған элементтерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нысанды техникалық тексеру аяқталып, қозғалыс қауіпсіздігі қамтамасыз етілгеннен кейін жол қозғалысын қайта бастау мәселесі қаралады", – деп нақтылады әкімдік.
Ақтауға кіретін көліктерге Батыр ауылы арқылы Құрық бағытына қарай жүретін жолды пайдалану ұсынылады. Ал қаладан шығатын көліктер Маңғыстау және Қызылтөбе елді мекендері арқылы өте алады.
"Қазақстан темір жолы" компаниясының мәліметінше, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін теміржол учаскесі де пойыздар қозғалысы үшін жабылған. Қазіргі уақытта жол өтпесіне комиссиялық тексеру жүргізіліп, оның тұтастығын қалпына келтіру шаралары қабылданып жатыр.
Бұған дейін, 2026 жылғы 16 қыркүйекте Ақтөбе облысында жүк көлігі тепловозбен соқтығысқанын жазған болатынбыз.