Өздерін инвестициялық брокер ретінде таныстырады: депутат шетелдік интернет-жобаларды тексеруді сұрады
Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин
Юрий Лидің айтуынша, Қазақстанда отандық бұқаралық ақпарат құралдарының интернет-ресурстарында шетелдік интернет-жобалардың жарнамасын жариялау жүйелі сипат алған. Бұл жобалар Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің немесе Астана халықаралық қаржы орталығының лицензиясы болмаса да, өздерін инвестициялық брокер ретінде таныстырып, азаматтарға инвестиция салуды ұсынады.
"Мұндай материалдар әлеуметтік желілерде ғана емес, өңірлік және салалық басылымдардың сайттарында да жарияланып, "пікірлер", "шолулар" және "талдамалық материалдар" түрінде ұсынылады. Соның салдарынан азаматтар оларды тәуелсіз журналистік ақпарат ретінде қабылдайды. Біз жүргізген мониторинг нәтижесінде 2023–2026 жылдар аралығында қазақстандық 51 интернет-ресурста 48 жоба туралы 168 жарияланым анықталды. Демек, бұл жекелеген жағдайлар емес. Заңда белгіленген қаржылық реттеу аясына кірмейтін тұлғалардың қаржылық қызметтерін ілгерілету белгілері бар материалдар жаппай жарияланып отыр", – деді депутат.
Оның айтуынша, 2026 жылға қарай мәселе шешілмек түгілі, одан әрі өрши түскен. 2026 жылғы қаңтар–шілде аралығында осыған ұқсас қызмет белгілері бар төрт жоба туралы кемінде 19 жарияланым анықталған.
Осыған байланысты депутат мұндай жарнаманы жедел анықтап, тоқтату үшін салалық және құқық қорғау органдарының тұрақты өзара іс-қимылын қамтамасыз етуді сұрады.
Бұған дейін Құрылтай депутаттары Компьютерлік қылмыстар туралы конвенцияны ратификациялау туралы заңды қарап, екі оқылымда қабылдаған еді.