Қар, үсік және +28°С: "Қазгидромет" қазан айына арналған ауа райы болжамын нақтылады
Фото: pexels
"Қазгидромет" РМК баспасөз қызметі 2026 жылғы қазан айына арналған нақтыланған консультативтік ауа райы болжамын жариялады. Синоптиктердің болжамынша, Қазақстанда күн суытып, қар жауады, үсік жүреді. Алайда кей кезеңдерде ауа температурасы +28°С дейін көтеріледі, деп хабарлайды Zakon.kz.
Синоптиктер қазан айы жылы болып, жауын-шашын мөлшері қалыпты деңгейде болады деп болжап отыр.
"Қазан айының басында ел аумағында ауа температурасы +15…+25°С аралығында болады деп күтіледі. Кейін солтүстік циклонның әсерінен республиканың барлық аумағында жаңбыр мен қар жауып, желдің екпіні 15–28 м/с-қа дейін күшейеді. Елдің солтүстік бөлігінде жаяу бұрқасын соғуы мүмкін. Арктикалық ауа массаларының енуіне байланысты тұман түсіп, көктайғақ болып, үсік жүруі ықтимал", – делінген "Қазгидромет" хабарламасында.
Осы кезеңде ауа температурасы айтарлықтай төмендейді. Дегенмен суық ұзаққа созылмайды:
- елдің батысы мен солтүстік-батысында түнде -6…+5°С, күндіз +2…+11°С болады;
- солтүстігінде, шығысында және орталығында түнде -6…-1°С, күндіз 0…+8°С болады;
- оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында түнде 0…+5°С, күндіз +10…+15°С болады. Таулы аудандарда түнде -10…-2°С-қа дейін суытып, күндіз +5…+10°С болады.
"Бірінші онкүндіктің екінші жартысында Орталық Азия мен Жерорта теңізінің шығыс жағалауынан жылы ауа массалары келеді. Соның әсерінен елдің басым бөлігінде күндіз ауа температурасы +15…+20°С-қа, ал оңтүстік-батысы мен оңтүстік бөлігінде +18…+28°С-қа дейін көтеріледі", – деп хабарлады "Қазгидромет" баспасөз қызметі.
Қазан айының екінші және үшінші онкүндіктерінде ауа температурасы құбылып тұрады:
- батыс және солтүстік-батыс өңірлерде түнгі температура +5…+12°С-тан -5…+5°С-қа дейін, күндізгі температура +18…+28°С-тан +10…+20°С-қа дейін төмендейді;
- елдің солтүстігінде, орталығында және шығысында түнгі температура +3…+8°С-тан -8…-1°С-қа дейін, күндізгі температура +15…+23°С-тан +3…+13°С-қа дейін төмендейді;
- оңтүстік бөлігінде түнгі температура +5…+10°С-тан -3…+5°С-қа дейін төмендеп, күндізгі температура +15…+23°С-тан +20…+30°С-қа дейін көтеріледі. Жекелеген кезеңдерде түнде -6…-1°С-қа дейін суытып, күндіз +10…+15°С болады.
Жалпы, қазан айында республиканың басым бөлігінде орташа айлық ауа температурасы климаттық нормадан 1–2°С жоғары болады деп күтіледі. Ал Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында, сондай-ақ Павлодар облысының солтүстік-шығыс бөлігінде нормаға жуық болады.
Елдің басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері де климаттық нормаға жуық болады деп болжануда.
"Бір айға арналған ауа райы болжамы консультативтік сипатта болады. Ол синоптикалық жағдайдың өзгеруіне қарай түзетіліп, онкүндік болжамдармен нақтыланады", – деп қосты "Қазгидромет" баспасөз қызметі.
Бұған дейін синоптиктер Қазақстанда 2026 жылғы 1 қазанда ауа райы қандай болатынын хабарлаған еді.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript