Кәсіптік оқытуды ұйымдастыру қағидалары өзгерді
Фото: primeminister.kz
Атап айтқанда, "кәсіптік оқыту" ұғымы нақтыланды. Бұл – кәсіптік даму мақсатында кәсіби білімді, білік пен дағдыларды меңгеру, жаңарту немесе кеңейту, сондай-ақ жаңа кәсіптерді (мамандықтарды) игеру процесі. Кәсіптік оқыту кәсіптік даярлау, қайта даярлау және біліктілікті арттыру нысанында жүзеге асырылады.
Сондай-ақ мансап орталығы өтінімдерді жинау аяқталған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде олардың жұмыс берушілерді іріктеу өлшемшарттарына сәйкестігін қарайтыны нақтыланды.
Осы жұмыстың қорытындысы бойынша мансап орталығы үш жұмыс күні ішінде жұмыс берушілердің бірыңғай тізбесін қалыптастырып, қарау және бекіту үшін халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі аудандық (қалалық) комиссияға жолдайды.
Білім беру ұйымдарындағы оқыту құнын халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі өңірлік комиссия астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың білім басқармасы мен өңірлік кәсіпкерлер палатасының ұсынуы бойынша жыл сайын белгілейді.
Жұмыс орнындағы оқыту құнын өңірлік комиссия өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың білім басқармасының ұсынуы бойынша жыл сайын белгілейді.
Бұйрық 2026 жылғы 12 қазаннан бастап қолданысқа енгізіледі.