Алматыда 9 қазанда жылу беріле бастайды: тұрғындар нені ескеруі керек
Фото: pexels
Басқарманың мәліметінше, жылу болмаса, су ақса немесе ақаулар анықталса, тұрғындар 109 жедел желісіне, 225-14-31 нөмірі арқылы Бірыңғай диспетчерлік орталыққа, сондай-ақ көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару органдарына хабарласа алады.
"Нысандар жылумен жабдықтау жүйесіне кезең-кезеңімен қосылады. Алдымен әлеуметтік маңызы бар нысандарға – білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау мекемелеріне және халық үшін ерекше маңызы бар өзге де нысандарға жылу беріледі. Содан кейін көппәтерлі тұрғын үйлер мен басқа нысандар қосылады", – деп атап өтті басқарма.
Сонымен қатар тұрғындарға пәтерлеріндегі радиаторлар мен суды ашып-жабатын арматураның жарамдылығын алдын ала тексеру ұсынылады.
Жылыту жүйесіне өз бетінше араласу, соның ішінде радиаторларды шешіп алу немесе жүйедегі суды ағызу апатқа, жүйе жұмысының бұзылуына және тік құбырлар бойындағы пәтерлерге жылу берудің тоқтауына әкелуі мүмкін.
Радиаторлар мен жылыту жүйесінің тік құбырларына қол жеткізуге кедергі келтірмеу керек. Оларды қалың пердемен жабуға да болмайды, өйткені бұл жылудың бөлмеге таралуын азайтады.
Жүйеге жылу тасымалдағыш жіберілгеннен кейінгі алғашқы күндері сақ болған жөн: радиаторлар қатты қызуы мүмкін. Әсіресе балалар мен үй жануарларының қауіпсіздігіне назар аудару қажет.
"109 жедел желісі мен Бірыңғай диспетчерлік орталықтан бөлек, өтініштерді басқарманың әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары, Open Almaty және e-Otinish арқылы жолдауға болады", – деп хабарлады Алматының Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы.
Бұған дейін алматылықтарға жылу берілгенімен, радиаторлар қызбаған жағдайда не істеу керектігі түсіндірілген еді.