Тілек тілеп үлгеріңіз: қазақстандықтар қазанда екі астрономиялық құбылысты көре алады
Сурет: pexels
NASA мәліметінше, бұл құбылыстарды арнайы құралсыз да көруге болады.
21 қазаннан 22 қазанға қараған түні — Орионидтер метеор ағынының шарықтау шегі
Орионидтер — Галлей кометасынан қалған ұсақ бөлшектерден пайда болатын метеор ағыны. Метеорлар Орион шоқжұлдызынан ұшып шыққандай көрінгенімен, оларды аспанның кез келген тұсынан байқауға болады. Алайда 2026 жылы толысып келе жатқан Айдың жарығы көмескі метеорларды көруге кедергі келтіреді.
Оларды бақылауға ең қолайлы уақыт — Ай батқаннан кейін, таң атардан бірнеше сағат бұрын. Ол үшін жасанды жарықтан алыс, қараңғы жерді таңдаған жөн. Мамандар аспанды бақылауға кіріспес бұрын көзді қараңғылыққа үйретуге кеңес береді. Қолайлы жағдайда сағатына шамамен 10–20 метеор көруге болады.
27 қазаннан 28 қазанға қараған түні — Ай Үркердің жанынан өтеді
Үркер "Жеті апалы-сіңлілі" деген атаумен де белгілі. Көптеген ежелгі халықтарда осы жұлдыздар шоғырына байланысты аңыздар тараған. Себебі оны Жер шарының кез келген нүктесінен дерлік көруге болады.
Аспанда Үркер алты-жеті жұлдыздан құралған шағын, сәл көмескі топ болып көрінеді. Оны жай көзбен де көруге болады. Ал дүрбі немесе телескоппен қарағанда шоғырдағы жұлдыздар анық көрінеді.
Бұған дейін алматылық танымал фотограф 2026 жылғы күздің алғашқы толған Айын суретке түсіріп, әсерлі кадрларымен желі қолданушыларын тәнті еткен еді. 2026 жылғы 27 қыркүйекте жарияланған суреттерде алтын түстес толған Ай Қазақстанның тарихи символы — "Алтын адаммен" әдемі үйлескен.