Дипфейктер мен дропперлік: Астанада цифрлық қауіпсіздік форумы өтіп жатыр
Сурет: Zakon.kz
Форум қатысушыларына цифрлық алаяқтықтың заманауи схемалары қалай жұмыс істейтіні көрсетіліп, нақты мысалдар арқылы жалған контентті ажырату жолдары түсіндіріледі.
Іс-шараға қатыса алмағандар форумның онлайн көрсетілімін тамашалай алады.
Форумды Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі мен Zakon.kz интернет-басылымы Астана қаласының әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырды. Іс-шараның серіктесі – "CitizenSec" ЖШС.
Қонақтар қатарында ҚР Президенті Әкімшілігінің өкілдері, Құрылтай депутаттары, танымал спортшылар, қоғам қайраткерлері және жастар қозғалыстарының мүшелері бар.
Форум бағдарламасы аудиториямен ашық диалог форматында өтеді. Қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, мамандардан жауап ала алады.
Сонымен қатар бағдарламада тақырыптық зияткерлік сайыс қарастырылған. Ол қатысушыларға цифрлық қауіпсіздік саласындағы білімін тексеріп, алаяқтықтан қорғану тәсілдері туралы көбірек білуге мүмкіндік береді.
Жасанды интеллект көмегімен жасалған жалған суреттерді, бейнежазбалар мен аудиожазбаларды, яғни дипфейктерді пайдалану арқылы жүзеге асырылатын алаяқтық схемаларына ерекше назар аударылады. Сарапшылар қаскөйлердің азаматтарды алдау үшін қандай құралдарды қолданатынын және мұндай айла-тәсілдерді қалай ажыратуға болатынын түсіндіреді.
"Форум бағдарламасында сарапшылардың баяндамаларымен қатар, практикалық көрсетілімдер, интерактивті көріністер мен әзіл-сықақ қойылымдары қамтылған. Сондай-ақ КВН командалары өнер көрсетіп, цифрлық қауіпсіздік саласындағы білімді тексеруге арналған тақырыптық зияткерлік сайыс өтеді", – делінген іс-шара бағдарламасында.
Бағдарламаның жеке бөлімі дропперлікке, яғни банк шоттары мен карталарын заңсыз қаржылық операциялар жүргізу үшін пайдалануға арналады.
Форумда кімдер сөз сөйлейді
Форумның негізгі спикерлері – ММА бойынша әлем чемпионы Василий Тахтай, CitizenSec қаржылық қауіпсіздік сарапшысы Гүлдана Жұматай және Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігінің офицері Гүлзия Қарсыбай.
Форумды блогер әрі киберспорттық іс-шаралардың жүргізушісі Айгерім Дунамис пен ҚМА-ның ресми өкілі Ернар Тайжан жүргізеді.
Шақырылған қонақтар қатарында журналист Динара Сәтжан, миллионнан астам оқырманы бар блогер Нұргелді Кердеш, әнші Дастан Оразбеков, тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы, актриса әрі тележүргізуші Татьяна Турлай, блогер Хаким Мукарам және медиа саласының өзге де өкілдері бар.
"Форум жастармен цифрлық қауіп-қатерлер туралы ашық әңгімелесетін алаңға айналды. Қатысушылар кең тараған алдау схемалары туралы біліп қана қоймай, қауіп-қатерді ажырату дағдыларын интерактивті форматта тексере алады", – дейді ұйымдастырушылар.
Бұған дейін интернет-алаяқтықтан зардап шеккендерге миллиардтаған теңге қайтарылғаны хабарланған еді.