Қасым-Жомарт Тоқаев Ленинград облысының губернаторы Александр Дрозденконы қабылдады
Сурет: akorda.kz
Кездесуде Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестікті дамытуда өңіраралық ықпалдастықтың маңызды рөл атқаратыны атап өтілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ленинград облысының өнеркәсіп және көлік-логистика салаларындағы әлеуетіне тоқталып, Қазақстанның осы өңірмен өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін растады.
Президенттің айтуынша, Ленинград облысымен сауда-экономикалық байланыстар қарқынды дамып келеді. Былтыр өзара тауар айналымы 400 миллион доллардан асқан.
Александр Дрозденко қонақжайлық танытқаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, Ресей президенті Владимир Путиннің сәлемін жеткізді.
Губернатор Ұлы Отан соғысы жылдарында Ленинград үшін шайқасқан қазақстандықтардың батырлығы мен қаһармандығын ерекше атап өтті. Олардың ерлігі туралы естеліктердің көздің қарашығындай сақталатынын айтты.
Кездесуде өнеркәсіп, атом энергетикасы, көлік және агроөнеркәсіп кешені салаларында бірлескен жобаларды іске асыру перспективалары талқыланды. Сондай-ақ мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты тереңдету мүмкіндіктері қарастырылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресей арасындағы одақтастық қатынастарды нығайтуға қосқан үлесі үшін Александр Дрозденконы II дәрежелі "Достық" орденімен марапаттады.