Асқар Омаров Қазақстан Халық Кеңесі төрағасының кеңесшісі болып тағайындалды
Сурет: primeminister.kz
Бұл туралы 2026 жылғы 21 қазанда Қазақстан Халық Кеңесінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Асқар Омаров 1976 жылы Алматыда дүниеге келген. "Тұран" университетінің экономика факультетінің кешкі бөлімін "Халықаралық қатынастар" мамандығы бойынша бітірген. Израиль мен Польшада тағылымдамадан өткен.
Еңбек жолын Республикалық мәдениет мәселелері орталығында экономика жөніндегі маман болып бастаған.
Әр жылдары "БИКО" баспа үйі мен "Малый бизнес Казахстана" журналында маркетинг жөніндегі маман, республикалық жастарға арналған "Асар" газетінің бас редакторының орынбасары болып жұмыс істеген.
Сондай-ақ "Қазақстан" РТРК" АҚ ақпараттық-талдамалық бағдарламалар дирекциясының шеф-редакторы, директордың орынбасары, "Нұр Media" ЖШС бас директорының бірінші орынбасары, "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясы" АҚ басқарушы директоры, "ҚазАқпарат" халықаралық ақпарат агенттігінің бас директоры және басқарма төрағасы қызметтерін атқарған.
2021 жылғы тамыздан 2022 жылғы 11 қаңтарға дейін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі болған.
2022 жылғы 11 қаңтардан 2 қыркүйекке дейін Ақпарат және қоғамдық даму министрі қызметін атқарған.
2022 жылғы қыркүйектен бастап ҚР Президенті жанындағы "Орталық коммуникациялар қызметі" РММ директоры болған. 2026 жылғы 20 қазанда бұл қызметтен босатылды.