Ақордада Тоқаевтың қатысуымен мемлекеттік наградаларды тапсыру рәсімі өтеді
Сурет: akorda.kz
Бұл туралы Ақорданың Telegram-арнасында жарияланды.
"Бүгін Республика күні қарсаңында Ақордада президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен мемлекеттік наградаларды салтанатты тапсыру рәсімі өтеді", – делінген жұма күні таратылған ресми хабарламада.
Сондай-ақ мемлекет басшысының баспасөз қызметі салтанатты іс-шараға қатысу үшін Ақордаға келген азаматтардың фото-видеоларын жариялады. Олардың қатарында еңбек ардагерлері, жұмысшы мамандықтарының, өндіріс, бизнес, білім және ғылым, денсаулық сақтау салаларының өкілдері, әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, спортшылар, мәдениет және өнер қайраткерлері бар.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірқатар қазақстандықты мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы жарлыққа қол қойғаны хабарланған еді.
Атап айтқанда, "Kazakhmys Smelting" ЖШС Жезқазған мыс балқыту зауытының балқытушысы Әбдірашит Қойшыбекұлы Доспановқа жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – "Қазақстанның Еңбек Ері" атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен "Отан" ордені тапсырылатын болды.