Тоқаев Азия ойындарының жүлдегерлеріне: Мен әрбір жеңісті нағыз патриотизмнің айқын көрінісі деп санаймын
Сурет: akorda.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияда өткен ХХ жазғы Азия ойындары мен V Азия пара ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Президент қазақстандық спортшыларды жеңістерімен құттықтап, ел намысын қорғағаны үшін алғыс айтты
"Бұл – мемлекетіміз үшін шын мәнінде үлкен жетістік және зор мақтаныш! Баршаңызға жарқын жеңістеріңіз құтты болсын деймін! Сіздер құрлықтың ең мықты спортшылары қатысқан дүбірлі дода кезінде ел намысын қорғап, жүзден жүйрік шықтыңыздар! Ұлттық құраманың табанды еңбегінің арқасында Азиада төрінде рухты Әнұранымыз шырқалды, көк Туымыз биікте желбіреді. Мен әрбір жеңісті нағыз патриотизмнің айқын көрінісі деп санаймын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент жарыс кезінде ұлттық құрамаға бүкіл ел жанкүйер болғанын айтып, спортшылардың жетістігі өскелең ұрпаққа жігер беретінін атап өтті.
"Әр спортшының ел қоржынына қосқан медалі азаматтарымызға, әсіресе, өсіп келе жатқан жас буынға үлкен шабыт береді, оларды мықты, күшті болуға үндейді және алға жетелейді. Бүгін осы мерейлі сәтте мен Мемлекет басшысы ретінде баршаңызға тағы да шынайы ризашылығымды білдіремін", – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев спортшылардың жеңістері елдегі түбегейлі өзгерістермен үндес екенін айтты. Ол соңғы жылдары Қазақстан экономикасы нығайғанын атап өтіп, Халықаралық валюта қорының болжамын келтірді.
"Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша мемлекетіміздің жалпы ішкі өнімінің көлемі 398 миллиард долларға жақындайды. Бұл – біздің аймағымыздағы ең жоғары көрсеткіш болмақ. Бірақ қазіргідей құбылмалы уақытта, әрине, қолда бар табысқа мәз болып, жайбарақат отыруға болмайды. Бәріміз осындай алмағайып заманда еліміздің әлеуетін арттыра түсу үшін белсенді әрі қажырлы еңбек етуіміз керек", – деді Президент.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript