Мемлекет басшысы: Қазақстанда әрбір баланың спортпен айналысуға мүмкіндігі болуы керек
Сурет: akorda.kz
Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Азия ойындары мен Азия пара ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімінде айтты.
Президент халыққа Жолдауында "Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы" аясында атқарылатын міндеттерге тоқталғанын еске салды. Оның айтуынша, алдағы құрылыс жұмыстары бүкіл қоғамның игілігіне қызмет етуге тиіс.
"Еліміздің әр азаматы, әсіресе, өскелең ұрпақ қауіпсіз, қолайлы және сапалы ортада өмір сүруге хақы бар. Бұл міндетті орындау ел Президенті ретінде мен үшін бірінші қатардағы басымдық болмақ", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бағдарлама аясында ерекше қажеттілігі бар балаларды оңалту орталықтары, мәдениет және өнер ошақтары, сондай-ақ тұрғындардың күнделікті тұрмысына қажетті инфрақұрылым нысандары салынады. Құрылыс елдегі барлық қала мен ауданды қамтиды.
"Шын мәнінде, біз бұрын-соңды болмаған "Халықтық құрылыс" бағдарламасын іске асыруға кірісіп жатырмыз. Бұл бастама еліміздің кескін-келбетін түбегейлі өзгертіп, азаматтардың тұрмыс сапасын айтарлықтай арттыра түседі", – деді Президент.
Мемлекет басшысы "Құрылыс және тағы да құрылыс!" деген сөзінің мәнін де түсіндірді. Оның айтуынша, мақсат – келешек ұрпақтың игілігі үшін бүкіл елді жасампаз еңбекке жұмылдыру. Тоқаев бұл бастама спорт саласының дамуына да серпін беретінін атап өтті.
"Бағдарлама аясында жаңа спорт нысандары мен инклюзивті орталықтар бой көтереді. Қазақстанда әрбір баланың спортпен айналысуға мүмкіндігі болуы керек. Бұл – әлеуметтік мәні терең міндет қана емес, осы міндеттің саяси мағынасы әлдеқайда маңызды. Еліміздің шалғай ауылдарында болашақ чемпиондар, яғни, жеңімпаздар өсіп келе жатыр. Олардың бәріне бірдей жағдай жасалуға тиіс. Әділетті Қазақстан идеясының түпкі мақсаты да – осы", – деді Мемлекет басшысы.