Қасым-Жомарт Тоқаев "қылтима", "себезгі", "жеделсаты" сияқты сөздердің қажеттілігіне күмән келтірді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының Х құрылтайында кейбір сөздердің қазақша баламасына қатысты пікір білдірді. Ол тіл мамандарын осы мәселеге қатысты ойларын ортаға салуға шақырып, тіл ғылымына арналған, баршаға қолжетімді цифрлық жүйе әзірлеуді ұсынды, деп хабарлайды Zakon.kz., сурет - Zakon.kz жаңалық 10.11.2026 12:23 Сурет: akorda.kz
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының Х құрылтайында кейбір сөздердің қазақша баламасына қатысты пікір білдірді. Ол тіл мамандарын осы мәселеге қатысты ойларын ортаға салуға шақырып, тіл ғылымына арналған, баршаға қолжетімді цифрлық жүйе әзірлеуді ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұрын сирек қолданылған бірқатар сөздің бүгінде қазақ тіліне орныққанын оң бағалады.

"Бірақ жалпы тіліміз басқа іргелес елдердің тілдерімен салыстырғанда әлдеқайда таза деп айтсақ, дұрыс болар. Мысалы, бұрын өте сирек пайдаланған немесе мүлде пайдаланбаған „тұжырымдама, қағидат, жоспар, сыйақы, шәкіртақы, еңбек өтілі, кешенді, әмбебап, жүйелі, тыңайтқыш, жанармай, көгалдандыру, босқын, қырғи-қабақ соғыс, қоқан-лоқы, лаңкестік, есірткі, бітімгерлік күштер, мәмілегер, ғарыш, зымыран, жаһан, ғаламтор, тікұшақ, жасанды сана, пайыз, сынып" сияқты сөздер тілімізде кең қолданыс тапты. Бұл – жақсы дүние", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы күнделікті тұрмыста кездесетін кейбір атаулар мен дінге қатысты сөздердің қолданысына да тоқталды.

"Бірақ әр жақсы құбылыстың шегі болуы керек. Мысалы, „күйсандық (пианино), қылтима (балкон), субұрқақ (фонтан), себезгі (душ), қырыққабат (капуста), үнқағаз (газет), жеделсаты (лифт), желкөз (форточка)" және тағы басқа жасанды сөздердің қажеттілігі екіталай сияқты. Соңғы кезде дінге қатысты көне сөздеріміздің орнын араб сөздерін жиі қолдану сән болып кетті. Мұның да қажеттілігіне күмән бар. Жалпы, осының бәрі – өте өзекті мәселелер, сондықтан кәсіби ғалымдар өздерінің салмақты пікірлерін ортаға салуы қажет", – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық жүйені әзірлеу үшін тіл мамандары мен қоғам өкілдерінің басын қосатын арнайы жұмыс тобын құруды ұсынды.


"Тіл ғылымына қатысты әмбебап, бәріне қолжетімді цифрлық жүйе әзірлеу маңызды. Бұл міндетті мемлекеттік деңгейде сапалы орындау үшін құрамына кәсіби тіл мамандары, ғалымдар, сарапшылар мен жалпы қоғам өкілдері кіретін арнайы жұмыс тобын құрған жөн деп санаймын. Жұмыс тобының қызметін үйлестіру Президент Әкімшілігіне жүктеледі", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: