16 жасқа толмаған балалардың тіркелуіне қатысты шектеу қай платформаларға қолданылмайды
Фото: pexels
Министрдің айтуынша, заң жобасында eGov.kz пен Kundelik.kz сайттарына және мессенджерлерге мұндай шектеу қою көзделмеген.
Депутат Дәулет Кәрібек Мәдениет және ақпарат министрлігінің 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерде тіркелуін шектеу туралы ұсынысты қолдайтынын не қолдамайтынын сұрады. Оның айтуынша, ұсынылған шектеу әлеуметтік желілермен қатар электрондық күнделіктер мен білім беру платформаларына да қатысты болуы мүмкін.
Осыған байланысты депутат тыйымның қандай платформаларға қолданылатынын нақтылап, білім беру ресурстарын олардың қатарынан шығаруды ұсынды. Сондай-ақ ол балалардың бұрыннан бар аккаунттарына қатысты шектеулерді қарастыру және пайдаланушының жасын растау кезінде сұралатын дербес деректердің көлемін азайту қажет екенін айтты.
"Бүгін заң жобасы бірінші оқылымда қаралып жатыр. Сондықтан алдағы уақытта ұсыныстарыңыздың барлығын қарастыра аламыз деп ойлаймын. Мәселен, заң жобасында eGov.kz пен Kundelik.kz сияқты сайттарға ешқандай шектеу көзделмеген. Мессенджерлер мәселесін де қозғап отырған жоқпыз. Әңгіме тек онлайн-платформалар, яғни әлеуметтік желілер туралы болып отыр. Бұл, әрине, әлемдік үрдіс. Кей елдерде мұндай шектеулерді сәтті енгізген мысалдар бар, ал кейбірінде ондай мысал жоқ. Ең бастысы – әр мемлекет өз идеологиясы мен саясатын ескеруі керек. Бұл саланы қалай реттейтінімізді және мұндай шектеулердің қажет-қажет еместігін өзіміз шешуіміз керек деп ойлаймын. Ұсынысыңызға рақмет", – деп жауап берді Арман Қырықбаев.
Бұған дейін Қазақстанда пайдаланушыларды қорғау және ел заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету үшін онлайн-платформалармен өзара іс-қимылдың жаңа тетіктерін енгізу ұсынылғаны хабарланған еді.