Тоқаев су қауіпсіздігін халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың басты бағыты деп атады

Тоқаев су қауіпсіздігін халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың басты бағыты деп атады, сурет - Zakon.kz жаңалық 19.11.2026 15:56 Сурет: akorda.kz
2026 жылғы 19 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық ұйымдар мен жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының басшыларымен өткен дөңгелек үстелге қатысты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мемлекет басшысы өз сөзінде бұл жиын серіктестікті сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретінін атап өтті.

"Бүгінде мұның маңызы арта түсті. Қазіргі геосаяси шиеленіс білім мен технология салаларына да әсер етіп отыр. Ғылыми ынтымақтастық қауіпсіздік тұрғысынан қарастырыла бастады. Озық жетістіктерді ортақ игілік емес, бәсекелестік құралы ретінде қабылдау жиіледі. Бұған білім мен технология дамудың негізгі қозғаушы күшіне айналған кезеңде куә болып отырмыз. Жасанды интеллект, жаңа материалдар, энергетикалық және биотехнологиялар экономиканы, еңбек нарығын, сондай-ақ білім беру жүйесін өзгертіп жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент білімнің жаңа бағыттарын игеруге, білікті маман даярлауға және ғылыми идеяларды технологияға айналдыруға қабілетті елдер ғана табысқа жете алатынына назар аударды.

"Біз елімізді халықаралық қоғамдастықтың жауапты мүшесі әрі түрлі өңірлерді байланыстыратын көпір ретінде таныта алдық. Адам капиталын дамыту, білім-ғылымды және инновацияны ілгерілету – ұлттық стратегиямыздың негізгі бағыттары. Тағы да атап өткім келеді, бұл басымдықтар еліміздің тарихында алғаш рет Конституциямызда мемлекеттің стратегиялық мақсаттары ретінде бекітілді. Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауымда технологиялық жаңаруды жеделдету, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту, сондай-ақ азаматтарымызды жаңа цифрлық экономикаға бейімдеу қажеттігіне баса мән бердім. Бұл мақсатқа қол жеткізу жекелеген бастамаларды емес, керісінше мемлекеттің, университеттер мен бизнестің дәйекті әрі үйлесімді әрекет етуін талап етеді, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан әлемнің жетекші университеттері мен ғылыми-зерттеу орталықтарымен әріптестік орнатуға қашанда дайын екенін айтты.

"Өздеріңіз көріп отырғандай, жұмыстың бастапқы кезеңі аяқталды. Қажетті инфрақұрылым жасалды, серіктестік келісімдер ресми түрде ресімделді және көп ұзамай шетелдік университеттердің филиалдары жұмысқа толық кіріседі. Ендігі қадам – экономикамызға қажетті бірлескен зерттеулер жүргізу, жаңа технологиялар әзірлеу және нақты шешімдер енгізу арқылы ынтымақтастығымыздың мазмұнын байыту", – деді Президент.

Осы орайда Мемлекет басшысы ықпалдастықтың басым бағыттарына тоқталды.

"Әуелгі кезекте – су қауіпсіздігі. Бұл – Орталық Азия үшін экономикалық және әлеуметтік тұрақтылық мәселесі. Тіпті мұны тіршілік үшін күрес мәселесі дер едім. Трансшекаралық өзендерді басқару, заманауи мониторинг жүйесін құру, су үнемдеу технологияларын енгізу және ғылыми тұрғыдан негізделген су дипломатиясын дамыту түрлі елдердің сарапшылық әлеуетін біріктіруді қажет етеді. Осы ретте Біріккен Ұлттар Ұйымы университетінің тәжірибесі мен мүмкіндіктеріне арқа сүйейміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев III Стратегиялық серіктестер форумында сөз сөйлеп, ғылыми қауымдастықтың рөліне тоқталды. "Енді алдымызда тұрған мақсат – шын мәнінде айбынды", – деді Президент. Сондай-ақ Мемлекет басшысы "Халықтық құрылыс" бағдарламасын жүзеге асыруда кімге ерекше жауапкершілік жүктелетінін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның болашағы туралы да сөз қозғап, елімізді Орталық Азиядағы академиялық хабқа айналдыру стратегиялық мақсат екенін атап өтті.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: