Медицина қызметкерлеріне, психологтар мен әлеуметтік қызметкерлерге қанша қосымша ақы төлеу ұсынылды
Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин
Жобаға сәйкес, алғашқы медициналық-санитариялық көмек (МСАК) ұйымдарында үздіксіз жұмыс істеген медицина қызметкерлеріне еңбек өтіліне қарай қосымша ақы төлеу ұсынылады. Бұл төлем учаскелік терапевтерге, учаскелік педиатрларға, жалпы практика дәрігерлеріне, сондай-ақ орта медицина қызметкерлеріне – учаскелік және жалпы практика мейіргерлеріне, фельдшерлерге, акушерлерге, патронаж мейіргерлері мен мектеп мейіргерлеріне қарастырылған.
Қосымша ақы қызметкердің лауазымдық айлықақысына қарай есептеледі.
Үздіксіз еңбек өтіліне байланысты мынадай мөлшер ұсынылған:
- 2 жылдан асса – 20%;
- 3 жылдан асса – 30%;
- 5 жылдан асса – 50%.
МСАК ұйымдарында халыққа тікелей қолдау көрсететін, медициналық лауазымға жатпайтын қызметтерді атқаратын мамандарға психоэмоциялық және дене жүктемесі үшін қосымша ақы төлеу де көзделген. Бұл төлем базалық лауазымдық айлықақыға қарай есептеледі. Психологтарға оның 300%-ын, ал әлеуметтік қызметкерлерге 200%-ын төлеу ұсынылып отыр.
Денсаулық сақтау министрлігінің түсіндіруінше, жоба қабылданса, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап МСАК ұйымдарының учаскелік қызметінде жұмыс істейтін медицина қызметкерлерінің, психологтар мен әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы өседі.
Ұсынылған шаралар ең алдымен халықтың медициналық көмекке қол жеткізуін тікелей қамтамасыз етіп жүрген мамандарды жұмыс орнында тұрақтандыруға бағытталған.
Министрліктің пікірінше, қосымша ақы кадр тұрақсыздығы мен маман тапшылығын азайтуға, пациенттерді бақылаудағы сабақтастықты сақтауға және жұмыс істеп жүрген мамандардың жүктемесін жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Қаулы жобасы "Ашық НҚА" порталында жарияланды. Құжатты 7 желтоқсанға дейін қоғамдық талқылауға болады.