Қазақстанда балаларға туған бауырларына дің жасушаларының доноры болуға рұқсат беру ұсынылды

Городской центр крови, донор крови, донорская кровь, донорство крови, сдача крови, переливание крови, сурет - Zakon.kz жаңалық 25.11.2026 14:14 Фото: Zakon.kz
Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев 2026 жылғы 25 қарашада Құрылтайда өткен брифингте дің жасушаларын трансплантаттауға қатысты заңнамаға енгізілетін түзетулерді түсіндірді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі заң жобасына қан түзуші (гемопоэздік) дің жасушаларын трансплантаттау тәртібін реттейтін норма енгізіліп отыр.

"Әңгіме қанның онкологиялық аурулары, атап айтқанда, лейкоз және басқа да патологиялар туралы болып отыр. Біз балалар мен жасөспірімдер арасында, оның ішінде туған бауырлар арасында қан түзуші дің жасушаларын трансплантаттауға мүмкіндік беруді көздеп отырмыз. Мәселен, отбасындағы балалардың бірі ауырған жағдайда, генетикалық көрсеткіштері сәйкес келсе, оның туған бауыры донор бола алады. Бұл ретте ата-анасының да, баланың өзінің де келісімі міндетті түрде алынуы тиіс", – деп түсіндірді бірінші вице-министр.

Ол бұл рәсімнің ішкі ағзаларды трансплантаттауға қатысы жоқ екенін ерекше атап өтті.

"Донордың көктамырынан қан алынып, оның құрамынан қажетті дің жасушалары бөлініп алынады. Қанның қалған бөлігі донордың ағзасына қайта жіберіледі. Бұған дейін елімізде мұндай рәсімді жүзеге асырудың құқықтық тетігі болған жоқ. Енді оны заңнамалық деңгейде бекітуді көздеп отырмыз", – деді Тимур Сұлтанғазиев.

Бұған дейін Қазақстанда ағзалар мен дің жасушаларын трансплантаттау тәртібін жетілдіру жоспарланып отырғанын жазған едік. Денсаулық сақтау мәселелері бойынша тиісті заңнамалық түзетулерді Құрылтай депутаттары 2026 жылғы 25 қарашада бірінші оқылымда мақұлдады.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: