Нысанды бұзуға рұқсат беру тәртібінде не өзгерді
Фото: пресс-служба акимата Алматы
Қағидаларда қызмет көрсетушінің қандай жағдайларда өтінішті цифрлық күту парағы арқылы қабылдайтыны нақтыланды. Бұл тәртіп өтініште немесе қызмет алушы ұсынған құжаттарда қателер не дәлсіздіктер анықталса, өтініш немесе құжаттар нысаны мен мазмұнына қойылатын талаптарға сай келмесе, сондай-ақ қызмет алушы құжаттар топтамасын толық ұсынбаса қолданылады.
Мұндай жағдайда қызмет алушыға анықталған кемшіліктерді жою үшін бір жұмыс күні беріледі. Бұл уақыт мемлекеттік қызмет көрсетудің жалпы мерзіміне кірмейді.
Кемшіліктер жойылса, қызмет алушының алғаш жүгінген күні мемлекеттік қызметті алу үшін берген өтінішінің немесе құжаттарының қабылданған күні болып есептеледі.
Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімін есептеу анықталған кемшіліктер жойылған сәттен бастап жалғасады.
Белгіленген мерзімде анықталған кемшіліктер жойылмаса, қызмет көрсетуші өтініш пен құжаттарды қабылдаудан бас тартады. Бұл жағдайда қызмет алушының жеке кабинетіне бас тарту себептері көрсетілген электрондық құжат жіберіледі. Құжатқа қызмет көрсетуші өзінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен қол қояды.
Құжаттар толық ұсынылса, қызмет көрсетуші өтінішке қоса берілген құжаттарды қарайды. Ол қызмет алушының немесе мемлекеттік қызмет көрсету үшін ұсынылған материалдардың, нысандардың, деректер мен мәліметтердің белгіленген талаптарға сәйкестігін тексереді.
Қызмет алушы құжаттар топтамасын толық ұсынған жағдайда, қызмет көрсетушінің қызметкері құжаттардың дұрыстығын, сондай-ақ қызмет алушының, ұсынылған құжаттар мен мәліметтердің белгіленген талаптарға сәйкестігін тексереді. Техникалық жағынан күрделі емес нысандар бойынша тексеру төрт жұмыс күні ішінде, ал техникалық жағынан күрделі нысандар бойынша тоғыз жұмыс күні ішінде жүргізіледі. Содан кейін бір жұмыс күні ішінде құрылыс нысандарын кейіннен кәдеге жарату (бұзу) жөніндегі жұмыстар кешенін жүргізуге шешім ресімделеді.
Мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартуға негіз болса, қызмет көрсетушінің қызметкері порталдағы жеке кабинетке бас тарту себептері көрсетілген жауап жібереді.
Бұйрық 2026 жылғы 27 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.