Сайлауға екі күн қалды – ОСК төрағасы қандай міндеттерге назар аударды

Референдум, выборы, избирательный бюллетень, бюллетень, бюллетени, избирательная урна, сурет - Zakon.kz жаңалық 27.11.2026 14:34 Фото: Zakon.kz
Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) төрағасы Нұрлан Әбдіров 2026 жылғы 27 қарашада комиссия отырысында мәслихат депутаттарын сайлауға дайындық барысы туралы айтып, дауыс беру күніне дейін атқарылуға тиіс міндеттерді атады, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Оның айтуынша, сайлауға дайындық жұмыстарының негізгі бөлігі аяқталған. Енді қалған мәселелерді шешіп, сайлау учаскелерін дауыс беру күніне толық дайындау қажет.

"Жалпы, сайлау науқанына дайындық жұмыстарының негізгі бөлігі аяқталды. Ендігі міндет – дауыс беру күніне дейін қалған мәселелерді шешіп, барлық дайындық жұмысын толық аяқтау. Осыған байланысты аумақтық сайлау комиссиялары мен жергілікті атқарушы органдарға мына міндеттерге назар аударуды тапсырамын. Біріншіден, сайлау учаскелерінің материалдық-техникалық дайындығын толық аяқтау қажет. Учаскелер қажетті жабдықтармен, байланыс құралдарымен және басқа да материалдармен қамтамасыз етілуге тиіс. Сайлау бюллетеньдерін уақтылы жеткізу, сақтау және есепке алу мәселелері де бақылауда болуы керек", – деді Нұрлан Әбдіров.

Оның сөзінше, сайлау бюллетеньдерін жеткізу әлі жалғасып жатыр. Олардың басым бөлігі сайлау учаскелеріне бүгін, 27 қарашада жеткізілуге тиіс. Бұдан кейін құқық қорғау органдарының қызметкерлері бюллетеньдерді күзетке алады.

"Екіншіден, сайлау учаскелерінде мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын жүзеге асыруына қажетті жағдай жасалуға тиіс. Бұған дейін де осындай жағдай жасап, бұл мәселеге үнемі ерекше көңіл бөліп келдік. Сондықтан бұл жолы да кедергісіз ортаны қамтамасыз етіп, қажетті қолдау шараларын қабылдауымыз керек. Атап айтқанда, инватакси қызметінің қолжетімділігін қамтамасыз ету жұмысын аяқтауды сұраймын. Бұған дейінгі сайлауларда өңірлердегі жергілікті атқарушы органдардың инватакси және ымдау тілі аудармашыларымен қамтамасыз ету жөніндегі есептерін тыңдаған едік", – деді Нұрлан Әбдіров.

Үшіншіден, ОСК төрағасы дауыс беру күні ауа райының нашарлауы мүмкін екенін ескеріп, оған алдын ала дайындалу қажеттігін атап өтті. Әсіресе шалғай елді мекендерде жергілікті атқарушы органдардың, төтенше жағдайлар, жол және коммуналдық қызметтердің бірлескен жұмысын алдын ала үйлестіру маңызды.

"Техникалық дайындықтың маңызы зор, өйткені интернет үздіксіз жұмыс істеуге тиіс. Тағы да қайталап айтамын, сайлау учаскесінде тіркеуді уақтылы жүргізу үшін өңірлерде, шалғай аудандарда тұрақты әрі үзіліссіз интернет байланысын қамтамасыз ету қажет", – деді Нұрлан Әбдіров.

Оның айтуынша, 29 қарашада, дауыс беру күні, Қазақстанның 15 өңірінде қолайсыз ауа райы күтіледі. Қар жауып, боран соғады, жел күшейіп, тұман түседі, көктайғақ болады деген болжам бар. Мұндай жағдайда сайлаушылардың учаскелерге жетуі қиындауы мүмкін.

Осыған байланысты ОСК төрағасы ауданаралық және облысаралық көлік қатынасын қамтамасыз етіп, азаматтардың сайлау учаскелеріне кедергісіз жетуіне жағдай жасау қажет екенін атап өтті.

Нұрлан Әбдіров ел бойынша сайлаушылар тізіміне барлығы 12 679 459 адам енгізілгенін еске салды.

2026 жылғы 12 қазанда Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы жарлыққа қол қойды.

Алдағы сайлауда 228 мәслихатқа барлығы 3 447 депутат сайлау жоспарланып отыр. Оның ішінде 668 мандат облыстық мәслихаттарға, 626 мандат қалалық мәслихаттарға, 2 153 мандат аудандық мәслихаттарға тиесілі.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: