Жаңалықтар тізбегі
0

Ескі Ақмола тарихын зерттеуге тың серпіліс қажет

Астана, Ақмола, сурет - Zakon.kz жаңалық 26.01.2023 17:34 Сурет: Zakon.kz
Астанаға баратындар бірінші кезекте Ақ Орда, Бәйтерек, Хан-Шатырды көруге тырысады. Ал Есілдің оң жағалауындағы ескі Ақмоланың бірегей ескерткіштері көбіне солардың көлеңкесінде қалып қояды. Осы орайда қаланың оң жағалауы қонақтарды несімен баурай алатынын зерттеп көруге тырыстық.

Ескі Ақмоланың барлық көрікті жерлері бір-біріне жақын орналасқаны да қала қонақтары үшін өте ыңғайлы. Шағын аудандарда орналасқан ескі метеостанция ғана шетте тұр. Ол бір кездері жазық даланың ортасында еді, ал бүгінде 2000, 2010 жылдары салынған жаңа ғимараттардың арасында тұр. Әйтпесе, ескі Ақмоланың барлық көрікті жерлері бұрынғы Конгресс холл мен "Есіл" қонақ үйі арасындағы аймақта орналасқан.

, сурет - Zakon.kz жаңалық 26.01.2023 17:34

Сурет: АПН

Бұл қонақ үйді Ақмоланың соңғы ескерткіштерінің бірі деп санауға да болады. Ол 1950 жылдардың аяғында, сталиндік ампир стиліндегі үйлер қарқынды түрде салынып жатқанда, әйгілі "архитектурадағы артықшылықтарды жою туралы" қаулы күшінде болған кезде салынды. Дәл осы қаулы кеңестік сәулет өнерінің ең жарқын стильдерінің бірін жойды. Астанада мұндай ғимараттар көп емес. Елорданың оң жағалауының сыртқы келбеті негізінен Целиноград дәуірінде – 1961-1992 жылдар аралығында қалыптасты.

Революцияға дейінгі Ақмола ескерткіштеріне келетін болсақ, Кенесары көшесінде өткен ғасырдың басынан бері сақталған сәулет туындылары бар. Бұл Кубрин, Силин және Мұса көпестердің үйлері. Бір кездері Беларусь елшілігі орналасқан Көпес Силиннің үйі бұрын Ақмоланың сәнді үйлерінің бірі болған. Патша заманында екінші қабаттың болуына үлкен баж салығы салынды, сол себепті көпестер, әдетте, жартылай жертөле немесе ауласында балконы бар мансард салдырды. Сол кездері көпес Силиннің осындай зәулім үй салдыруға қауқары жеткен.

Астана, Силин үйі, сурет - Zakon.kz жаңалық 26.01.2023 17:34

Сурет: АПН

Бұл ғимаратта революциядан кейінгі уақытта қызыл гвардия әскері орналасты, кейіннен кітапхана және филармония ашылды. Ал тәуелсіздік жылдары үй Беларусь елшілігінің пайдалануына берілді. Жақында онда караоке клубы ашылған.

Ескі Ақмоланы Кубриндер әулетінің мұраларысыз елестету қиын. Бұл үйлер қала тарихымен тығыз байланысты. Олардың біріншісі, әрине, бір кездері Украина елшілігі болған Василий Кубриннің үйі, ал қазір онда қалалық мұрағат орналасқан. Аңыз бойынша, кезінде Василий Кубрин фирманың жұмыстарымен Санкт-Петербургқа барған. Сол жерде актриса немесе балерина қызды бір көргеннен ұнатып қалған деседі. Бойжеткен көпеспен бірге Ақмолаға бару үшін бір шарт қойған. Егер Кубрин Петербургтің ең әсем жекежайлары үлгісінде үй салдыратын болса ғана көшуге дайын екенін айтыпты. Әлбетте, Василий Кубрин ғашығының қалауын орындап, сәулетті ғимарат тұрғызған. Алайда, жас жұбайлар зәулім үйде көп уақыт тұра алмады. Жекежай 1912 жылы салынып біткен, ал 1917 жылдың соңына қарай Ақмолада кеңес одағының билігі орнап, Василий мен Елена Кубриндер баспанасын босатуға мәжүр болды.

Астана, Кубрин үйі, сурет - Zakon.kz жаңалық 26.01.2023 17:34

Сурет: АПН

Бір кездері Василий Кубриннің үйінен жерасты жол арқылы әкесіне тиесілі дүкенге шығуға болатын. Бүгінде "Матвей Кубрин және балалары" сауда үйінде жаңа супермаркет орналасқан. Өткен ғасырдың басында аталған сауда үйі қаладағы ең сәулетті "молл" болған. Жылына бір рет шығатын Сібір сауда-өндірістік журналының мәліметі бойынша, бұл сауда үйінде дәріхана, өндіріс, құрғақ тауарлар, зергерлік бұйымдар, баспа және кеңсе тауарлары, сондай-ақ киім, аяқ киім, сағат, шай және қант сатылған. Дүкеннің қазіргі қожайындары ғимараттың тарихына құрметпен қарайды. Бүгін сауда залдарының бірінде Кубриндердің, ХХ ғасырдың басында өмір сүрген басқа да көпестердің портреттерін көруге болады.

Әзірбайжан Мәмбетов көшесінде орналасқан тағы бір тарихи ғимаратты қазақстандық шоколадқа, жалпы кондитерлік іске арналған ескерткіш деп санауға болады. Мұнда бір кездері көпес Баймұхамбет Қосшығұловтың қолдауымен ашылған мұсылман жастарының мектебі болды.

Мұсылмандар мектебі, Астана, сурет - Zakon.kz жаңалық 26.01.2023 17:34

Сурет: АПН

Бүгінде ғимарат қайта тұрғызылған. Ақмолалық көпес Баймұхамбет Қосшығұлов Қазақстандағы кондитерлік істің негізін қалаушы ретінде тарихта қалды. Көптеген көпестер бал, шығыс тәттілері мен нан-тоқаш өнімдерін өндірумен айналысқанымен, Қосшығұлов бірінші болып қазақтардың рационына сол кезде экзотикалық саналған шоколадты енгізді. Сол жылдары Қосшығұлов Ресей империясының көптеген жәрмеңкелеріне қатысатын. Сонда дәмін татып көрген тәттілердің үлкен сұранысқа ие болатынын болжап, туған өлкесіне әкелуді шешкен. Революцияны бастан кешкен барлық көпестердікіндей Қосшығұловтың да кейінгі тағдыры қайғылы болды. Ол 1918 жылы Ақмолада тырысқақ (холера) ауруына шалдығып көз жұмды. Тәттілер өндіретін бірегей құрал-жабдықтар арзан бағамен сатылып кетті.

Астананың ең көне ғимараты атағына екі нысан үміткер болып отыр. Біріншісі – Константино-Еленин храмы.

Константино-Еленин соборы, Астана, сурет - Zakon.kz жаңалық 26.01.2023 17:34

Сурет: АПН

Ол 1854 жылы Ақмола қала мәртебесін алған кезде салынған. Көптеген басқа православиелік ғибадатханалар секілді бұл собор да кезінде біраз қиыншылықтарды көрді. Бірде казармаға, бірде өлкетану музейіне айналды. Ал кейін тіптен жабылып қалды. Дегенмен, соғыс кезінде билік пен христиан қауымдастығы арасындағы қарым-қатынас жылып, 1942 жылы ғибадатхана діни қауым өкілдеріне қайтарылды.

Астананың ескі орталығында тарихи ескерткіштердің қатарына кіретін "егіз үйшік" бар. Екі түрлі кезеңде тұрғызылғанымен бұл үйлер бір-біріне қатты ұқсайды. Оның бірі – Сәкен Сейфуллиннің мұражай үйі елорданың ең көне ғимараттарының бірі саналады. Ол 1846 жылы көпестер кеңсесі болып тұрғызылған. Ал 1920-1930 жылдары бұл жерде қазақтың әйгілі ақыны, мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллин жұмыс істеген.

Сәкен Сейфуллиннің мұражай үйі, Астана, сурет - Zakon.kz жаңалық 26.01.2023 17:34

Сурет: АПН

Негізі Сәкен Сейфуллин Ақмолада түрлі салада қызмет еткен. Мемлекет және қоғам қайраткері, педагог, сондай-ақ театр режиссері болды. Ал дәл осы ғимаратта ақын шенеуніктің қызметін атқарды. Қазір мұражай үйде қайраткердің жеке кабинеті бар, тұрмыстық заттары қойылған. Оларды мұражайға ақынның ұрпақтары мен туыстары табыс етті.

Ал осы ғимараттың "сыңары" – Фёдор Благовещенскидің үйі XIX ғасырдың соңында ғана тұрғызылған.

Благовещенский үйі, Астана, сурет - Zakon.kz жаңалық 26.01.2023 17:34

Сурет: АПН

Негізі бұларды сол заманның орта санаттағы қарапайым үйлеріне жатқызуға болады. Қанша дегенмен, ағаш үйлердің дәрежесі тастан тұрғызылған көпестердің баспаналарынан төмен саналатын. Бұл үйде Ақмола қалалық ауруханасының меңгерушісі, Маринск училищесінің оқытушысы Фёдор Благовещенский (1881–1938 жж.) 37 жыл тұрған, науқастарды да осында қабылдаған.

Сондай-ақ, бұл ауданда революцияға дейінгі Ақмоланың діни сәулеттік нысандарын табуға болады. Олар екеу ғана. Біріншісі – Жасыл мешіттің жақсы сақталған қақпасы мен қоршауы. Кезінде бұл Ақмоланың басты мешіті болған, ол көпес Нұрмұхаммед Забировтың қайырымдылығы есебінен салынған. 50-жылдары ол апаттық жағдайда болғандықтан бұзылды. Кейінірек бұл жерде партиялық тізімдемеге арналған үй тұрғызылды. Ол бүгінде бұрынғы мешіттің қоршауымен қоршалған.

Мешіт қоршауы, Астана, сурет - Zakon.kz жаңалық 26.01.2023 17:34

Сурет: АПН

Соңғы уақытта Ақмола кезеңінің тарихына деген қызығушылық қайта жандануда. Мәселен, Қазақ мемлекеттік заң университеті студенттері мен оқытушылары жақында ескі қаланың бірнеше көрнекті жерлерін ЗD-қалпына келтіру бойынша жобаны жүзеге асырды. Жобаға Матвей Кубрин дүкені, қазақ және татар мешіттері, Никольский және Александр Невский соборлары кірді. Осылайша, жастар елорда тарихын зерттеуде жаңа леп, тың серпіліс алып келуде.


Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: